«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік сатып алуда сауаттылық қажет

2016 жылғы 12 Шілде
- Астана қаласы
11333 просмотров

Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасында елордалық кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу бойынша қызмет көрсету, жұмыс ұсыну, тауар сату саласындағы заңнаманы қалай қолдану керектігі түсіндірілді

Осы мәселелерге қатысты өткен семинарда «Proficconsulting» компаниясының бизнес-тренері Жазира Тұрсынбай goszakup.gov.kz және tender.sk.kz. веб-порталдары арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысу жолдарын түсіндіріп берді.

Шара барысында тыңдармандар дәріс берушімен бірге мемлекеттік сатып алу кезінде кесе-көлденең шығатын жағдаяттарды ойластырды, тәжірибе алмасты, іс жүзінде түйткілдерді болдырмаудың амалын қарастырды, веб-порталдар арқылы құжат жіберіп көрді.

«Семинар барысында мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қызмет көрсету, жұмыс ұсыну, тауар сату бойынша ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер ҚР мемлекеттік сатып алу заңдарының баптары мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының сатып алу Ережелерін дұрыс қолданбайтындығы анықталды. Сондықтан, оларға дұрыс құжат тапсыруды үйретіп, көрсетіп, заң аясынан аттамауды үйретеміз», – деді Жазира Тұрсынбай.

Лектор келісім шарттарды бекіту түрлерін ұсақ-түйегіне дейін атап көрсетті, электронды формасын да ұмытпады.

Семинарды маркетинг пен сату бойынша тренер-консультант Серік Жағыпаров жалғастырды. Ол тыңдармандарды компаниядағы сатылымды ұлғайту үшін қолданатын заманауи маркетингтік құралдар және әдістермен таныстырды.

«Лекция кезінде нарықтың сегменттері, брендті таныту, клиентті идентификациялау, ақпаратты тарату сияқты сұрақтарды қарастырдық, CRM-мен жұмыс, сатуды жоспарлау, олардың тиімділігін басқару. Осы айтқандарымыздың барлығы кәсіпкерлерге пайдасын тигізер деген үміттеміз», – дейді Серік Жағыпаров.

Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісовтің айтуынша,  шағын және орта кәсіпкерлердің қаржылық сауатын ашуы – Палатаның басты міндеттерінің бірі.

«Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып жүрген көптеген кәсіпкерлер көбінесе түйсігіне сеніп әрекет қылады. Соның салдарынан шығынға батып жатады. Нәтижесінде ісін тоқтатуға мәжбүр. Бизнесті жүргізудің негізін оқыту, сол білімін сауатты түрде қолдана білу – кез келген кәсіпкердің келешектегі жетістігінің кепілі. Осыны түсіну маңызды», – деп атап өтті Алмат Жүнісов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер