«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмыс берушілермен байланыс орнады

2016 жылғы 10 Маусым
- Астана қаласы
8684 просмотров

Астаналық техникалық колледждің студенттері өз оқу орнынан шықпай-ақ жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болды

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қаладағы өндірістік және өзге компаниялар өкілдерінің қатысуы арқылы колледж базасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болып өтті. Колледждің токарь, кең бейінді білдекте жұмыс жасаушылар, лифт электр механиктері және т.б. мамандықтар бойынша білім алған ондаған түлектері әлеуетті жұмыс берушілердің кеңесін тыңдап, әңгімелесе алды.

«Бүгінгі күні бізде сандық бағдарламалық басқару жүйесі бар білдек операторының орны бос тұр. Бұл орынға «білдекте жұмыс жасайтын кең бейінді жұмысшылар» мамандығының түлектері сай келеді, себебі олар сызбаларды түсінеді. Техникалық колледждің сегіз студенті біздің кәсіпорын базасында тәжірибеден өтіп, олардың бірнешеуін токарь қызметіне жұмысқа алуды көздеп отырмыз. Бұл жаңа оқу бітірген мамандарға пайдалы болмақ, себебі, егер олар токарь мамандығын игеріп алса, онда білдекті басқару процесін меңгеруде оңайға соғады», – деді «Stahlbao» ЖШС бас инженері Серік Сәрсембаев.

«Адал Қызмет Көрсету» ЖШС әзірге  балаларға тек қара жұмысшы ретіндегі баламалы жұмыс орындарын ұсынып отыр.

«Мамандық бойынша бірден жұмысқа тұру кез келгенге бұйыра бермейді. Бәлкім, кей балалар оқуын жалғастырғысы келетін болар. Қай-қайсысына болса да бұл жаман балама емес, жаз уақытында ақша табуға мүмкіндік болмақ», – деді «Адал Қызмет Көрсету» ЖШС қызметкері Олег Панасенко.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Болат Нұрпейісов, өз кезегінде, 2016 жылдың 1 ақпанындағы деректер бойынша жұмысшылар сылақшы-сырлаушы, темір ұстасы-сантехник, арматурашы, электр дәнекерлеуші және өзге де жұмысшыларды іздеу және жұмысқа алу процесінде қиындықтар туып отырғанын айтты.

«Биылғы жылдың ақпан-наурыз айында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҚР ҰКП мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жұмыспен қамту проблемалары жөнінде ақпараттық-сараптамалық орталықтың өтінімі бойынша жұмыс берушілер арасында кадрлардың қысқамерзімді сұранысы туралы сұрау салу өткізді. Алынған деректер «Алғашқы хабарландыру жүйесі (2016 жыл)» еңбегінде көрініс тапты. «Алғашқы хабарландыру жүйесі (2016 жыл)» мен кәсіпорындар сұранысы (тапсырысы) деректері негізінде комиссия биылғы жылдың 5 мамыры күні жергілікті бюджеттен 2016 жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын ақтық үлестіру жөнінде жұмыс жүргізді. Қала колледждеріне 4000 грант бөлінді», – деп хабарлады Болат Нұрпейісов.   

Осыған ұқсас бос жұмыс орындары жәрмеңкесі астаналық М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы базасында да өтті. Оған 6 мыңнан астам колледж түлектері мен қаланың 70 кәсіпорны қатысты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер