«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада жаңа зергерлік «SHEBERLI» бренді пайда болды

2015 жылғы 18 Қыркүйек
- Астана қаласы
18318 просмотров

Елордалық өндірушілер тізімін алтыннан жасалған зергерлік әшекей бұйымдарды өндіретін тағы бір кәсіпорын толықтырды.

Өрнекті таңдаулы сырғалар, нақышты білезіктер, күміс пен алтыннан жасалған коллекциялық монеталар – бұл «International Gold Group» компаниясы өндіретін зергерлік бұйымдардың бір бөлігі осы.

«SHEBERLI» зергерлік желісі мен брендінің негізін қалаушы әйелдер кәсіпкерлігінің өкілі Сандуғаш Бекжігітова болып табылады. Кәсіпорын отандық алтыннан өнім өндіреді.

«International Gold Group» ЖШС 2014 жылы құрылған. Компанияның алғаш рет тамыз айының соңында Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде жарыққа шыққанын атап өту керек. Онда жоғары шеберлігі және сапасының арқасында, сондай-ақ өндірілетін өнімнің кең сұрыпталымымен ерекше көзге түсті. «SHEBERLY» зергерлік коллекциялық әшекейлерін алғаш боп елорда тұрғындары мен қонақтары өлшеп тағып көріп, жоғары баға берді. Алайда бизнесвумен Сандуғаш Бекжігітова өзі құрған компанияның күллі Қазақстан халқының игілігіне айналып, ұлттық бренд атағына заңды түрде лайық боларына нық сенімді. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығы байқауына қатысуға дайындалуда.

«Бұл идеяны ұзақ уақыт ойластырдым да, ақырында жүзеге асырдым. Біздің негізгі міндетіміз – асыл металдан жасалған бұйымдар көмегімен ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, жұртшылыққа қазақ халқының жетістіктерін жеткізу және тарихи маңызы бар оқиғаларды еске салу. Заманауи стильдегі әшекей бұйымдар көшпенділердің мың жылдық тарихы мен ұлы даланың рухын көрсетеді. Отандастарымыздың өнімді ыстық ықыласпен қабыл алғанын әрі мұндай көлемдегі өндірістің – көптен күткен оқиға екенін атап өткім келеді. Ал мен үшін бұл ең жоғары баға», - деп бөлісті Сандуғаш Бекжігітова елордадағы ірі сауда орталықтарының бірінде өткен сауда нүктесінің ашылу салтанатында.

«International Gold Group» ЖШС зергерлік бұйымдар өндірумен бірге асыл металдарды, соның ішінде эстетикалық алтын мен күміс сатуға маманданған. IGG өз клиенттері үшін инвестициялардың бірнеше түрін ұсынады: алтын құймалары, жоғары сапа сынамасындағы асыл тастар, гауһар тасты, маржан және өзге де декор-элементтері бар алтын және күмістен жасалған инвестициялық және коллекциялық монеталар.

Компания халықаралық стандарттар талаптарына жауап беретін ең соңғы жабдықтармен жарақталған. 3D технология көмегімен әшекей заттардың бірегей де жекеше дизайны жасалады. Технологияда ерекше нақтылыққа ие лазерлі жабдық қолданылады, бұл алтын мен басқа да металдардағы фотомөр жасауға мүмкіндік береді, ал бұның көмегімен бұйымның жоғары сапасына қол жеткізуге болады.

Бұйымның әрқайсысында қазақтың ұлттық өрнектері мен оюлары, сонымен қатар түркі тайпаларының аңыздарынан хабар беретін тастағы таңбалар көрсетілген. Ұлттық бұйымдарды дайындайтын зергерлер мен шеберлер тарихымыз бен дәстүрімізді болашаққа алып барады, ал бұл халқымыз үшін аса үлкен маңызға ие, деп атады компания иесі.

Елордалық бизнесвуменге іскерлік ұсыныс жасаған италиялық компания «SHEBERLY» коллекциялық бұйымдарына қызығушылық танытып отыр. Осылайша, таяу арада компания өнімін Италияға экспорттауды жоспарлап отыр. Компанияға стандарттау мәселелері бойынша құжаттарын жөнге салуға елордалық Кәсіпкерлер палатасы көмектеседі.

«Жан-жақты жәрдем көрсетуге және барлық сервистік қызметтерді көрсетуге дайынбыз. Себебі бұл отандық өндірістің лайықты көрсеткіші», - деп баса көрсетті Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер