«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«ANQ-2018» конгресі Қазақстанда тұңғыш рет өткізіледі

2018 жылғы 03 Қыркүйек
7060 просмотров

«АNQ 2018» XVI Азиялық сапа конгресінің бастамашысы- Азиялық сапа желісі (ANQ ).  

19-20 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін «АNQ 2018» XVI Азиялық сапа конгресін Қазақстан сапа және инновациялық менеджменті ұйымы «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

ANQ-Азия құрлығы елдерін сапа дәрежесі бойынша біріктіретін ұйым

Asian Network for Quality  (ANQ) Азиялық сапа желісі – 2002 жылы Жапония, Қытай, Корея, Үндістан және де т.б елдердің сапа саласындағы мамандарының ұсынысымен құрылған. Қазіргі таңда оның құрамына Азия аймағындағы  17 ұлттық компания кіреді. Ұйымның негізгі жұмысы- сапаны басқаруды жетілдіруге арналған. Және сол арқылы әділетті қоғам құру жолындағы ерекше технологиялық дамуға бағытталған.

Конгресс тұңғыш рет Жапонияның Токио қаласында (2002) өткен. Одан бері Бейжіңде (Қытай, 2003), Делиде (Үндістан, 2004), Тайпейде (Тайвань, 2005), Сингапурда (2006), Инчхонда (Оңтүстік Корея, 2007), Бангкокта (Таиланд, 2008), Токиода (Жапония, 2009), Делиде (Үндістан, 2010), Хо Ши Минь Ситиде (Въетнам, 2011), Гонконгте (2012), Бангкокта (Таиланд, 2013), Владивостокта (Ресей, 2016), Катмандуда (Непал, 2017) ұйымдастырылған.

Жыл сайын конгресс жұмысына 600-ден астам делегат қатысады. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ірі бизнес-қауымдастықтар, шағын және орта бизнес, экспорт-импорт саласының мамандары, зерттеуші-ғалымдар, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік ұйымдардың, қаржы секторының өкілдері бар.

ANQ мақсаты қандай?

  1. Сапа менеджментінің замануи жүйелерін енгізу, өндіріс, қаржы, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеулерді дамыту арқылы өмір сүру сапасын жақсарту.
  2. Сапа менеджменті, бизнесті жетілдіру, бенчмаркинг, инновациялар және басқарудың басқа да қазіргі заманғы тәсілдері саласындағы озық тәжірибені қолдану негізінде сапалы және бәсекеге қабілетті отандық тауарлар мен қызметтерді өндіруді дамыту.
  3. Ұйымдар мен қоғамда замануи сапа мәдениетін қалыптастыру, озық әдістемелерді қолдану және оларды тәжірибеде қолдану мақсатында жаңа сапа философиясын алға жылжыту.

Азиялық сапа желісі (ANQ) қалыптасу тарихында Жапонияның Токио университетінің профессорлары Каору Исикава (1915-1990 жж.) мен Нориаки Каноның есімдері ерекше аталады. Олар Азия құрлығындағы сапаны басқару саласы бойынша ірі мамандар.

«Исикава диаграммасы» мен «Кано үйі» туралы не білеміз?

Исикава диаграммасы- мәлім іс, не оқиғаны түрлі себептер арқылы түсіндіру әдіснамасы. Ол көбінесе тауар жобалауда (Product design) қолданылады және бірбүтін әсерді туғызушы әрбір себептерді ашалап көрсетіп беруді көздейді. Бұл диаграмманы қазіргі заман менеджмент ғылымының негізін салушы К.Исикава Жапонияның өнеркәсіптік өндірісіндегі логикалық талдау процестерін жетілдіру әдістеріне қосымша ретінде 1952 жылы ұсынған. Диаграмма сапа менеджмент жүйесіндегі жеті түрлі негізгі әдіснаманың бір есептеледі. Пішіні балық сүйегіне ұқсағандықтан да «балық сүйегі диаграммасы» деп те аталады. Оның ерекшелігі, өндірістік сапа менеджмент жүйесінде Исикава диаграммасы кәсіпорынның түрлі бөлімдеріне олардың нәтижелерінен бастап кері бағытта талдауға мүмкіндік береді. Ол нәтижеден себепке қарай талдау жасау әдісі есептеледі және нәтижеге пайдасы жоқ керексіз бөліктерді тауып шығуға септеседі.

Ал екінші профессор Нориаки Кано (ол биылғы Конгреске қатысады) әлемде сапаны басқару тәжірибесі мен концепциясын  жетілдірген маман. Ол әлемдік экономика секторының дамуына арналған жаңашыл модельді ұсынған. Ол модель Жапонияның атақты  Toyota Motor Corporation компаниясында тәжірибеден өткізіліп жоғары жетістіктерге алып келген. Сондықтан да бұл модель «Кано үйі» деген атауға ие. Оның пайымдауынша: «Сапа үш бөліктен құралған, ең алдымен базалық бөлік-міндетті шарттар, екінші-сандық болмыс, мұнда тұтынушының талаптары бар, ал үшінші бөлік-сыйлық, осы бөлік үшін әрқайсымыз ақша төлейміз».

Конгресс аясында жеңімпаздарға үш халықаралық сыйлық тапсырылады

1. Isikawa -Kano Award  (IKA). Исикава-Кано атындағы сыйлық. Сапа басқару саласының ірі тұлғалары К.Исикава мен Н.Каноның құрметіне аталған. Бұл сапа басқару саласында 15 жылдан кем емес қызмет атқарған, сапаны басқаруға айрықша еңбек сіңірген кәсіби мамандарға беріледі.

2. Asian Quality Award (AQA).  «Сапа менеджменті саласындағы тәжірибені жетілдіру» сыйлығы. Сапаны басқару, қызметкерлерді басқарудағы зор жетістіктері, әлеуметтік жауапкершілігі мен көрсетілетін қызметтерінің сапасы үшін берілетін сыйлық. 2016 жылы бұл сыйлықты қазақстандық «ҚазТрансГаз» холдингінің еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азия» АҚ ұжымы алған.

3. ANQ Recognition for Excellence in Quality Practice (ARE-QP). «Қызметті жетілдіру азиялық үлгісі» сыйлығы. Бұл сапа саласындағы озық тәжірибелер, жетістіктер үшін беріледі. Қазақстандық екі ұйым 2012 жылы бұл сыйлықтың иегері атанған. Олар: Ұлттық медициналық орталық (Астана қ.) және Семей медициналық университеті (Семей қ.)

Азиялық сапа конгресі кәсіпкерлерге, отандық тауарөндірушілерге не береді?

«Атамекен» ҚР ҰКП Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымына серіктес ретінде іскерлік қарым-қатынастарды орнату мен тәжірибе, ақпарат алмасуда жалпыәлемдік келіссөздер алаңын құруға мұрындық болып, тікелей атсалысып отыр.

Конгресс жұмысына қатысушы отандық тауар өндірушілер өндірістік үдерісті басқару, өндірісті технологиялық басқару мәселелері, заманауи басқару модельдерін қолданудың практикалық аспектілері, сондай-ақ инновация саласындағы ең үздік әлемдік тәжірибелермен танысып, ақпарат алады.

Күн тәртібінде қандай мәселелер қарастырылады?

1. Азиялық сапа белгісі бойынша Жапония, Англия, Непал, Корея, Швеция және т.б елдерден келген халықаралық сарапшылар пленарлық жиында сөз сөйлейді;

2. Өзгерістір менеджменті, тәуекелдік-менеджмент, қоршаған орта және өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару механизмдері, ІТ саласындағы басқару сапасы, іскерлік қатынастар моделі және басқару технологиясы, стандарттау, метрология, аккредитация, өнеркәсіп және қызмет көрсету саласындағы ІТ технологиялар тақырыптары пленарлық сессияларда жан-жақты қарастырылады;

3. Отандық тауарөндірушілердің өндірген өнімдері көрмесі ұсынылады;

4. Азиялық сапа белгісі сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі өтеді.

Айта кетейік, Алматы қаласында өтетін Азиялық сапа конгресі жұмысына қатысуға 14 мемлекеттен 200-ден астам маман өтінім берген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер