«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тауар белгісі шын иесін тапты

2016 жылғы 08 Желтоқсан
- Астана қаласы
7232 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өтініші бойынша ҚР Әділет министрлігі қазақстандық кәсіпкерлік субъектісінің құқығына нұқсан келтіретін тауар белгісін қолданыстан алып тастады

Ұлттық палатаның сарапшысы Шыңғыс Теміров айтып өткендей, 2013 жылдан бастап «Turkus Global Trade» ЖШС отандық компаниясы «Простор» балық аулау колхозы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің Қазақстан аумағындағы ресми өкілі саналады. Аталған кооператив «Ламифарэн» өнімін шығарады және Ресей Федерациясы аумағындағы осы аттас тауар белгілерінің барлық құқықтарына иелік етеді.

Өз кезегінде, қазақстандық дистрибьютор «Ламифарэн» өнімдерін Қазақстан аумағына экспорттау және импорттау жұмыстарымен айналысады.

Алайда «Ламифарэн lamifaren» тауар белгісін тіркету мақсатында «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүгінгенде, олар тіркеуден бас тартқан. Олар мұны аталған тауар белгісін 2016 жылдың наурыз айынан бастап Ресей Федерациясының резиденті «Ситерна» ЖШҚ-ға тіркегендігімен түсіндірген.

«Осыған байланысты қазақстандық компания өз мүддесін қорғау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келді. Естеріңізге салсақ, ҚР Азаматтық кодексінің 1020-бабының 4-тармағына сәйкес, егер бір заңды тұлғаның фирмалық атауы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын өзге заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тауар белгісімен (қызмет көрсету белгісімен) ұқсас немесе бірдей және осындай ұқсастық пен бірдейліктің нәтижесінде тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкін болса, онда айрықша құқығы ерте пайда болған таңба (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі) басымдыққа ие болады. Осындай таңбаның иесі заңнамада көрсетілген тәртіппен тауар белгісіне (қызмет көрсету белгісіне) құқықтық қорғау беруді жарамсыз деп тануды немесе фирмалық атауды немесе коммерциялық белгіні пайдалануға тыйым салуды талап етуге құқылы. Осы себепті «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны оны тіркеуден бас тартқан.

Алайда отандық дистрибьютор «Ламифарен» өнімдерін өндірушімен жасалған келісімшарт негізінде заңды түрде таратады. Сонымен қатар «Turkus Global Trade» ЖШС-ның құрылтайшылары 2014 жылдың мамыр айынан бері «Lamifaren World» ЖШС-ның құрылтайшылары саналады. Осылайша, бұл компания кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде Қазақстан Республикасында «Ситерна» ЖШҚ-ның «Ламифарэн lamifaren» тауар белгісін мемлекеттік тіркеуден ертерек өткізген», – дейді Шыңғыс Теміров.

Бұдан бөлек, отандық компания «Ламифарэн» өнімдерін Қазақстан аумағында таныту және дамыту үшін қомақты қаржы салған, теле-радиокомпаниялармен жарнама туралы келісімшарттар жасап, Интернет желісінде ауқымды жарнамалық науқандар жүргізіп келеді.

«Ламифарэн lamifaren» тауар белгісі тұтынушылар арасында «Простор» балық аулау колхозы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің және біраз жылдардан бері аталған өнімнің Қазақстан елінде танытып келе жатқан оның дистрибьютері – «Turkus Global Trade» ЖШС-нің тауар белгісі ретінде танылып қалған.

«ҚР «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы» заңының 6-бабының 3-тармағының талаптарына сәйкес, тауар мен оны дайындаушы жөнiндегі жалған немесе бұрмаланған белгiлердi тауар таңбалары немесе олардың элементтерi ретiнде тiркеуге жол берiлмейдi.

«Ситерна» ЖШҚ «Простор» балық аулау колхозы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің Ресей Федерациясы аумағындағы бәсекелесі және «Ламифарэн lamifaren» тауар белгісінің Қазақстан аумағындағы нақты құқық иеленушісі бола отырып, ресми дистрибьютер, яғни «Turkus Global Trade» ЖШС үшін «Ламифарэн» өнімдерін Қазақстан аумағында сату мүмкіндігін бұғаттап отыр. Өйткені қазіргі таңда мұндай әрекет ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің «Бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдалану» туралы158-бабына және ҚР Қылмыстық кодексінің «Тауар белгісін заңсыз пайдалану» туралы 222-бабына жатқызылуы мүмкін.

«Ситерна» ЖШҚ-ның әрекеттері ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 177-бабының 1-тармағына сәйкес, жауапсыз бәсекелестік белгілері ретінде қарастырылуы мүмкін деп жорамалдаудамыз», – деп атап өтті Шыңғыс Теміров.

Осы жайттардан кейін, Ұлттық палата ҚР Әділет министрлігіне жүгініп, осы ведомствоның «Turkus Global Trade» ЖШС-ның ресейлік «Ситерна» компаниясына тиесілі «Ламифарэн lamifaren» тауар белгісінің әрекет етуіне қарсылығы бойынша өткен Апелляциялық кеңесінің отырысына қатысты.

Нәтижесінде, Апелляциялық кеңес алқасының 2016 жылғы 10 қарашадағы шешімімен қазақстандық компанияның қарсылығы қанағаттандырылып, ресейлік «Ситерна» компаниясының тауар белгісін тіркеу заңсыз деп танылды.

Ұлттық палатаның сарапшысы Шыңғыс Теміров атап өткендей, жеңіліс тапқан тараптың Апелляциялық кеңес шешіміне шағымдану мүмкіндігінің барына қарамастан, енді қазақстандық кәсіпкерлік субъектісі Ұлттық зияткерлік меншік институтына тауар белгісін тіркеу туралы өтінішпен қайта бара алады, сондай-ақ өнімдерді «Ламифарэн lamifaren» брендімен сата алады. Бұл ретте үшінші жақ тауар белгісін иелену құқығын бұзғаны үшін, жауапқа тартылмайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер