«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН КЕҢ АУҚЫМДЫ ФОРУМ ӨТТІ

2025 жылғы 26 Қараша
- Алматы облысы
183 просмотров

Ұйғыр ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуға елеулі үлес қосып жүрген белсенді, іскер әйелдерді қолдауға бағытталған «Іскер әйел ісімен көркем» атты кең көлемді форум ұйымдастырылды. Шараға әйел кәсіпкерлер, мемлекеттік орган өкілдері, түрлі саланың мамандары және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – ел дамуына еңбегімен, кәсібімен және жаңа бастамаларымен үлес қосып жүрген әйелдердің қоғамдық рөлін арттыру, табысты тәжірибелерін көпшілікке үлгі ету және жас буынға мотивация беру.

Форум барысында қатысушылар әйелдердің өңір экономикасындағы рөлі, ауылдық аймақтардағы жаңа мүмкіндіктер, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері және гендерлік теңдік жобалары туралы пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы форумның ашылуында әйелдердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орнын ерекше атап өтті:

«Бүгінгі форум – ауданымыздағы әйелдер қауымының белсенділігін, еңбектегі табандылығын және қоғам өміріне қосып отырған үлесін танытуға арналған маңызды алаң. Біздің мақсатымыз – әрбір әйелдің қабілетін ашуға, өз ісін дамытуға және жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Іскер әйелдерді қолдау – ауданның тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі», -деді ол.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсел Тунликбаева әйелдердің өңір дамуына қосқан үлесін атап өтті:

«Қандай салада болмасын, әйелдердің іскерлігі, табандылығы мен жауапкершілігі аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысын кеңейтіп отыр. Әйел кәсіпкерлерді қолдау – тек экономикалық емес, қоғам дамуының маңызды басымдығы. Біз табысты тәжірибелерді насихаттау арқылы жаңа буынның белсенді болуына ықпал етеміз», - деді ол.

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Кайсаровна әйелдердің әр саладағы белсенділігін атап өтті:

«Бүгінде әйелдер ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, білім беру, әлеуметтік жобалар сияқты көптеген бағыттарда жоғары белсенділік танытып отыр. Кеңес ретінде біздің міндетіміз – әр кәсіпкер әйелге ақпараттық, консультациялық және менторлық қолдау көрсету. Әйелдің қолынан шыққан әр жоба – өңірдің дамуына қосылған үлес», - деді ол.

Алматы облысы әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Бақытгүл Қазезбайқызы:

«Әйелдердің қоғамдағы орны – тек отбасы немесе шағын бизнес аясымен шектелмейді. Олар ауылдық аймақтардың әлеуметтік өмірі мен экономикалық белсенділігін айқындайтын негізгі қозғаушы күштердің бірі. Гендерлік теңдік – құқықтық талап қана емес, тұрақты даму үшін маңызды стратегия. Әр әйел өз идеясын еркін іске асыруға мүмкіндік алуы тиіс», – деді Бақытгүл Қазезбайқызы.

Меруерт Сағындыққызы (облыстық мәслихат депутаты, «АМАНАТ» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы):

«Әйел кәсіпкерлер – өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экономикалық өсіміне серпін беретін күш. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғамға нақты өзгеріс енгізіп келеді. Біз үшін басты міндет – олардың мүмкіндіктерін кеңейту және кедергілерді азайту», - деді ол.

Шара барысында ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар әйелдер аудан әкімі мен Кәсіпкерлер палатасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Форум аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум алдағы уақытта дәстүрлі форматқа айналып, әйел кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына және жаңа жобалардың іске асуына серпін береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174