«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрылыс саласындағы кепілдік мерзімдер төңірегіндегі дау шешілді – толығырақ

2025 жылғы 10 Қараша
735 просмотров

Парламентте жаңа Құрылыс кодексін талқылау жалғасуда.

Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу жұмысы аяқталуға жақын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құжат 2025 жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланып отыр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, атқарылған жұмысқа қарамастан, кодекс ішінде әлі де нақтылауды қажет ететін нормалар бар. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам мүдделерінің теңдігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Оның ішінде ең жиі талқыланғандарының бірі – құрылыс нысандарының кепілдік мерзімдері.

Жуырда мәжілісмендер құрылыс нысандарына кемінде бес жылдық кепілдік мерзімін белгілеу туралы норманы енгізіп, қолдады. Ал негізгі көтергіш конструкциялар, оның ішінде шатыр мен ғимараттардың қасбеттері үшін кепілдік кемінде он жыл болуға тиіс.

 Алайда ұсынылған норманың жалғасы бар:

«Осы тармақтың нормалары өндірушілердің кепілдік мерзімін белгілеген құрылыс материалдарына, жабдыққа және конструкцияларға қолданылмайды».

Ұлттық палата бұл норманы талқылауға тікелей қатысып, кодекстің түпкілікті редакциясын қабылдауға өз үлесін қосты. Палата бұл түзетудің құрылыс жұмыстарына қатысушылардың барлығы үшін өзара жауапкершіліктің тең сақталуын қамтамасыз ететініне сенімді. Нақтыланған норма мердігерлер мен өндірушілер арасында туындауы мүмкін даулы жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.

«Бастапқыда құрылыс материалдары мен жабдық өндірушілерінің кепілдік міндеттемелерін ескермей, ең төменгі мерзімді 10 жыл деп белгілеу ұсынылды. Мұндай тұжырым бизнес-қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырды: мердігерлер өздері әсер ете алмайтын элементтердің сапасы мен ұзақ қызмет етуі үшін жауапты болар еді. «Атамекен» ұсынылған норманың тәуекелдері мен шығындарына баса мән беріп, оның нәтижесінде жобада өндіруші зауыттар белгілейтін мерзімдерді ескеретін кепілдік мерзімі енгізілді», – деді «Атамекен» ҰКП құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры – басқарушы директор Данияр Молкенов.

Жалпы бизнес-қоғамдастық кодекс жобасында қолдау тапқан нормаға оң көзқарас білдірді. Себебі сала өкілдері құрылыс сапасын арттыруға және пайдалануға берілген нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі.

«Құрылыс кодексі жөніндегі Жұмыс тобының отырысында құрылыс нысандарына кепілдік мерзімдерін нақты және таразыланған түрде белгілейтін маңызды түзету қабылданды. Құрылыс саласы үшін бұл түзету түрлі ұстанымдар арасындағы қызу пікірталастың нәтижесінде қабылданған өзара тиімді шешім болды. Бұл норма саланың ерекшеліктерін және барлық қатысушылардың мүдделерін ескере отырып, нысандардың сапасы мен ұзақ қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп пікір білдірді «Атамекен» ҰКП Президиумының құрылыс және жер қатынастары комитеті төрағасының орынбасары Ирина Манжанова.

 

Кепілдік міндеттемелерінен бөлек, жаңа Құрылыс кодексінде шешім қабылдауды қажет ететін өзге де маңызды нормалар бар. Бұл – өзін-өзі реттеу институтын енгізу, құрылыс саласының инженерлік-техникалық қызметкерлерін аттестаттау жүйесін жетілдіру, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының нысандарды қабылдау процесіне қайта оралу мүмкіндігі, цифрландыру деңгейін арттыру, сонымен бірге ӘҚБтК және басқа да заңнамаларға өзгерістер енгізу.

Құрылыс саласына өзін-өзі реттеу институтын енгізу мәселесі бойынша Мәжілісте қызу пікірталас туындады. Өзін-өзі реттеу институтының қажеттілігі мен оны енгізудің форматына қатысты түрлі ұсыныстар айтылуда. Бірыңғай және міндетті өзін-өзі реттеу институтын құру қажеттілігі үлкен алқыға түсті.

Бизнес өкілдері өзін-өзі реттеуге көшу кезең-кезеңімен және жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеді.

Инженерлік-техникалық қызметкерлерді сертификаттау жүйесін жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі. Қолданыстағы жүйе көбіне формалды сипатқа ие және мамандардың шынайы біліктілігін толық көрсете бермейді, сондықтан оны жаңарту қажет екені баршаға мәлім.

Жалпы Құрылыс кодексі жобасына қатысты жұмыс жалғасып жатыр. Ұлттық палата және салалық қауымдастықтар Мәжіліс қабырғасында талқылауға қатысып, кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүдделерін қорғауда.

Бұған дейін Қазақстанның құрылыс саласы ҚҚС мөлшерін арттыру тәуекелдерін және мемлекеттік келісімшарттарды түзету қажеттілігін талқылағаны туралы жазған болатынбыз:


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174