«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Сіздің құқығыңыз» жобасы: кәсіпкерлер салық дауларында өз құқықтарын қалай қорғай алады

2025 жылғы 20 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
286 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Сіздің құқығыңыз» жобасы өз жалғасын табуда. Бұл бастама ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьяларының бірлесуімен жүзеге асырылуда.

Кездесудің кезекті тақырыбы салық дауларын қарау тәжірибесіне және кәсіпкерлердің шағымдану кезінде жиі жіберетін қателіктеріне арналды.

Судья Динара Каримованың айтуынша, ең көп тараған мәселелердің бірі - шағым немесе талап арыз берудің мерзімін өткізіп алу.

«Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 136-бабына сәйкес, сотқа жүгіну мерзімі хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 күнді құрайды. Сонымен қатар, Салық кодексінің 92-бабына сәйкес, сотқа дейінгі шағымданудың үш айлық мерзімі бар екенін де ұмытпау қажет», - деп атап өтті Динара Каримова.

Тағы бір жиі кездесетін қате - даудың нысанын және қорғау тәсілін дұрыс айқындамау. Кәсіпкерлер кейде тексеру актісінің күшін жоюды талап етеді, ал шағымдануға жататыны — тексеру нәтижелері туралы хабарлама немесе салық органының шешімі.

«Тексеру актісінің өзі құқықтық салдар тудырмайды және даудың нысаны бола алмайды», - деді судья.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің дәлелдеме базасы жеткіліксіз жағдайлар жиі кездеседі. Көптеген жағдайда олар тек қарсылықтармен шектеліп, бастапқы бухгалтерлік құжаттарды, шот-фактураларды, төлем тапсырмаларын және өзге де дәлелдерді ұсынбайды. Сот тек ұсынылған материалдарды бағалайды, сондықтан құжаттық растаусыз ұстаным дәлелсіз болып саналады.

ӘРПК нормаларына сәйкес, Қазақстанда әкімшілік актілерге шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі қолданылады, алайда салық заңнамасы кәсіпкерге таңдау құқығын береді — жоғары тұрған салық органына шағымдану немесе бірден сотқа жүгіну.

Дегенмен, судьялар мүмкіндігінше сотқа дейінгі реттеу тетігін пайдалануға кеңес береді, бұл сот шығындарын және ұзақ процестерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Кездесуде Салық кодексінің 8-бабында бекітілген салық төлеушінің адалдық қағидатына ерекше назар аударылды. Салық төлеушінің адалдығы әдепкі түрде болжанады және оны кері дәлелдеу міндеті салық органына жүктеледі.

Соттар келесі жайттарды бағалайды: шаруашылық операциялардың шынайылығы; бастапқы бухгалтерлік құжаттардың болуы; ақша қаражатының қозғалысы (төлем тапсырмалары, банк үзінділері); шарттардың орындалуы мен қызмет көрсетудің нақты фактілері; компанияның іс-әрекеттерінің айқындығы мен жүйелілігі.

«Егер салық төлеуші өз міндеттемелерін кейін қате деп танылған салық органдарының ресми жазбаша түсіндірмелеріне сүйене отырып орындаған болса, оған айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданылмайды», - деп атап өтті судья.

Сондай-ақ, судьялар ҚҚС қайтарудан бас тартуға қатысты даулар тәжірибесіне назар аударды.

Судья Салтанат Жайлыбаеваның айтуынша, 2025 жылдың 9 айында сотқа 65 талап түскен, оның ішінде 25 талап қайтарылған, 31 шешім шығарылған, соның 19-ы қанағаттандырылып, 12-сі қанағаттандырылмаған, 3 жеке ұйғарым қабылданған.

«Әкімшілік әділет енгізілген алғашқы кезеңде салық органдары ҚҚС артығын қайтарудан бас тарту салық төлеушінің құқықтарын бұзбайды деп дәлелдеуге тырысты, өйткені ол келесі тоқсан соңында қайта өтініш бере алады деп саналды. Алайда сот талқылауында ҚҚС қайтару кезінде салық органдары тарапынан айтарлықтай бұзушылықтарға жол берілетіні анықталып отыр», - деді Салтанат Жайлыбаева.

Кездесу қорытындысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова атап өткендей,

«Сіздің құқығыңыз» жобасы кәсіпкерлерге сот тәжірибесін түсінуге және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында жиі кездесетін қателіктерді болдырмауға көмектеседі.

«Судьялар тек нақты мысалдарды талдап қана қоймай, шағымдарды дұрыс ресімдеу, дәлелдерді жинау және бизнестің мүдделерін сотта қорғау бойынша практикалық ұсынымдар береді», - деді Айжан Жангирханова.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен сот жүйесінің ынтымақтастығының арқасында жоба қатысушылары сот билігі өкілдеріне тікелей сұрақтар қойып, құқықтық мәдениетін арттырып, өз құқықтарын сенімді түрде қорғай алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174