«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

​Өнердің шабыттандырушы күші: Ұлытау өңіріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы

2025 жылғы 22 Қыркүйек
- Ұлытау облысы
374 просмотров

Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салалық кеңесінің мүшесі Жібек Өмірханқызы колледж студенттері үшін танымдық экскурсия ұйымдастырды. Бұл шара қаладағы ең шығармашылық орындардың бірі – өзі негізін қалаған «Oner Academіa» көркемсурет академиясында өтті.

Жүрек қалауымен ашылған академия Жібек ханым үшін тек кәсіп қана емес, шабыт пен өзін-өзі жүзеге асыру орталығына айналған. Мұнда кескіндеме мен қыш өнері бойынша сабақтар өткізіліп, шығармашылықпен шұғылдануға барынша жайлы әрі тыныш орта қалыптасқан.

Экскурсия барысында колледж студенттері бейнелеу өнерінің түрлі бағыттарымен танысып, бояулармен және қылқаламмен жұмыс істеп көрді. Сонымен қатар, алғаш рет қыш шебері рөлін де байқап көрді. Студия иесінің айтуынша, келушілерге қажетті барлық жағдай жасалған: акрил, майлы және акварель бояулары, сапалы кенептер мен қылқаламдар, гончарлық шеңбер мен табиғи саз балшық та бар. Әр адам өзінің қиялына сүйене отырып, естелік сыйлыққа айналатын декоративті құмыралар мен ыдыстарды жасауға мүмкіндік алады.

— Мен әрдайым өзімнің көркем студиямды ашып, балалар мен ересектерге өнер үйретуді армандадым. Міне, арманыма қол жеткіздім, — дейді Жібек Өмірханқызы қуанышпен.

Академияда балалардың шығармашылық дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда тұрақты сабақтармен қатар, тақырыптық шеберлік сабақтары да өткізіледі. Сонымен бірге, студия әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысып, балаларға арналған түрлі шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырады.

— Ата-аналардың, әсіресе аналардың, балаларының болашағына бей-жай қарамай, оларды қосымша білімге бағыттап жатқаны мені қатты қуантады. Бұл – бізге келешек ұрпақты үйлесімді дамытуға үлкен мүмкіндік береді, — дейді академия негізін қалаушы.

Экскурсия соңында студенттердің көпшілігі шығармашылық ортадан үлкен әсер алғанын және өздерінің өнерге деген қызығушылықтарын одан әрі дамытқысы келетінін айтты. Ал кейбіреулер үшін бұл алғашқы қадам – үлкен өнер әлеміне бастар жол болды.

Жібек Өмірханқызының көркемсурет академиясы — табандылық пен сенімнің арқасында арманның өмірлік іске айналғанының жарқын мысалы. Бұл жоба басқа да әйел кәсіпкерлерге шабыт беріп, олардың өз жолын табуына себепкер бола алады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174