«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Омарташылар дабыл қағуда: ШҚО-дағы жер дауы саланы тығырыққа тіреді

2025 жылғы 12 Қыркүйек
947 просмотров

Қазақстанда тұтас бір сала – ара шаруашылығына қауіп төніп тұр. Қолданыстағы заң бұл саланы ауыл шаруашылығының дербес бағыты ретінде мойындағанмен, Шығыс Қазақстан облысындағы омарташылар жер учаскесінен айырылып қалуы мүмкін.

Мәселенің мәні ақылға қонымсыз, себебі омарталар егін алқаптары немесе жайылымдар критерийлері бойынша бағаланады. Ара шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жер жыртпағаны немесе мал жаймағаны үшін олардың жерлері «пайдаланылмай отыр» деп танылуда.

Ұлттық палата өкілдері түсіндіргендей, заң бойынша ауыл шаруашылығына арналған жер үш мақсаттың біреуіне қатысты берілуі мүмкін: ауыл шаруашылық өндірісі, шаруа немесе фермерлік қожалық жүргізу.

«Ара шаруашылығы туралы» заңға сәйкес, бұл сала – ауыл шаруашылығының дербес түрі, оның негізгі мақсаты – ара өнімдерін өндіру. Сондықтан омарташылар жерді «ауыл шаруашылық өндірісі үшін» деген мақсатпен алып, оны тікелей мақсатта – бал өндіру үшін пайдаланып келеді.

Алайда Шығыс Қазақстан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мұнымен келіспей отыр. Олар ҚР Жер кодексінің 92-бабына сүйене отырып, омарташыларды жерді пайдаланбады деп айыптауда.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі де жергілікті органның позициясын қолдап отыр. Олардың пайымынша, ара шаруашылығы тек ауыл шаруашылығы өндірісінің қосалқы қызметі ретінде ғана есептеледі. Осыған байланысты, омарта орнатылған жердің мақсатқа сай пайдаланылуы үшін белгілі бір талаптар орындалуға тиіс деп санайды.

«Мен бал өндіріп, алқаптарды тозаңдандырамын, осылайша ара шаруашылығын дамытып жатырмын. Бірақ Жер ресурстарын басқару департаментінің пікірінше, мен – жалқаумын. Омарташыларды жер жыртып, мал бағуға мәжбүрлеу – наубайшыға бидай өсіріп, сиыр сауу керек деумен бірдей. Мұның қандай қисыны бар?», – деп ашынды Шығыс Қазақстандық омарташылар.

Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, заңды осылайша бюрократиялық тұрғыда талдау ондаған жылдар бойы бал өндіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын тозаңдандыратын әрі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосып отырған шаруашылықтардың күйреуіне алып келуі мүмкін.

«Ара шаруашылығы – қосалқы қызмет емес, бұл экология мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін стратегиялық сала. Уәкілетті органның нысандарды мемлекет меншігіне қайтару сылтауымен жасалып отырған бұл әрекеті жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жоюы мүмкін», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.

Мемлекет басшысы 2024 жылы 2 қыркүйектегі Жолдауында егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, іске инвестиция салған болса, оның жұмыс істеп тұрған өндірісін тоқтатуға болмайтынын атап өткен болатын. Бұл жағдайда уәкілетті органның әрекеті Президент саясатына тікелей қайшы келіп отыр.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП заңнаманы шұғыл түрде қайта қарауды талап етеді: омарташылар үшін жерді пайдаланудың арнайы мақсатын – «ара шаруашылығын жүргізу үшін» деп бөлу керек немесе омарталар орналасқан жерлерді пайдалану критерийлерін нақтылап жазу қажет.

Заң жүзінде мәселе шешілмейінше, адал жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге жоғарыда аталған себептер бойынша тексеру жүргізуді уақытша тоқтату қажет.

Ұлттық палата осы жағдайға байланысты өтінішті Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылдың мамырында жолдаған еді. Алайда ешқандай тұшымды жауап болмағандықтан, мәселе министрдің атына қайта жолданды.

Егер уәкілетті орган қысқа мерзімде аталмыш мәселені шешу бойынша шараларды қолға алмаса, «Атамекен» оны Үкімет деңгейіне дейін шығармақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174