«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғылымсыз ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес

2025 жылғы 03 Шілде
- Түркістан облысы
259 просмотров

Түркістан облысында агросаланы дамытудағы жүйелі қадамдар мен өзекті мәселелер

Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты салалардың бірі. Алайда, соңғы жылдары бұл бағытта қордаланған мәселелер де жоқ емес. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директорының кеңесшісі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы «Яссауи» орталығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымының құрметті академигі Боранбаев Нұрлыбек Нұрманұлы ауыл шаруашылығындағы қазіргі ахуал, шешімін күткен түйткілдер және қолға алынған бастамалар туралы әңгімелеп берді.

Білім мен тәжірибе арасындағы алшақтық

– Ауыл шаруашылығында ең өзекті мәселе – агрономиялық білім мен нақты өндірістің арасындағы алшақтық. Диқандар агротехникалық талаптарды сақтамай, топырақтың құнарлылығы төмендеп жатыр. Тыңайтқыштарды есепсіз қолданудың салдарынан өнім де азайған. Яғни, жермен жұмыс істеу мәдениеті әлсіреді, – дейді Нұрлыбек Нұрманұлы.

«Агро-кеңес беру орталығы» – тәжірибеге негізделген білім ошағы

Аталған проблемаларды шешу мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы «Агро-кеңес беру орталығын» құрған. Онда әр дақылдың ерекшелігін ескере отырып, демонстрациялық алаңдар ұйымдастырылып, шаруалармен бірлесе тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.

– Қазірдің өзінде 14 диқанмен бірлесе нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 2023 жылы Шымкентте ашылған «Республикалық топырақ зертханасы» аясында 2024 жылы 320 шаруашылықтың 2,2 мың гектар жері зерттелді. Биыл бұл көрсеткіш 4,5 мың гектарға жетеді. Бұл – агроөндірістегі тиімділікті арттыруға бағытталған нақты қадам, – дейді сарапшы.

Ғылым мен өндіріс арасындағы көпір

Боранбаев жетекшілік ететін орталықтың басты мақсаты – ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру.

– Осы бағытта «Фермердің жолсерігі» атты оқу-әдістемелік құралын дайындадық. Қазір ол Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ресми оқу құралы ретінде қолданылып жатыр. Сондай-ақ, «Қарқынды алма бағын басқару», «ІҚМ өнімділігін арттыру» сынды курстарды ұйымдастырып, өңірлік тәжірибеге енгіздік, – дейді ол.

 

Қой шаруашылығы мен шопан мәртебесі

Мал шаруашылығының ішінде қой мен ешкі өсіру – ерекше назарда. Бірақ жайылымның жетіспеушілігі, суат көздерінің болмауы және ауыспалы жайылым жүйесінің болмауы үлкен кедергі.

– Ең бастысы – шопанның мәртебесін заңмен айқындау қажет. Арнайы даярлық курстарын енгізіп, мемлекеттік қолдау көрсету – бұл саланың дамуына серпін береді, – деп атап өтті Нұрлыбек Нұрманұлы.

Зиянкестермен күресте – IT шешімдер

Өңірдегі фитосанитарлық жағдай да алаңдатарлық. Шегіртке, алма көбелегі, қауын шыбыны, бидай тоттары сияқты зиянкестердің таралуы жиілеген. Осы орайда сарапшы «Ахуалды орталық» құруды ұсынады.

– Заманауи технологияларды: дрон, сенсор, бейнебақылау, математикалық модельдер пайдалана отырып, зиянкестердің таралуын алдын ала болжауға болады. Бұл фермерге уақытылы ескерту беріп, шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Агросалада заманауи технологиялар енуде

Қазіргі таңда Түркістан өңірінде дрон арқылы егістікке мониторинг жасау, геоақпараттық жүйелер арқылы деректер жинау, технологиялық карталарға сүйеніп нақты ұсыныстар беру – қалыпты тәжірибеге айналып келеді. Бұл тәсілдер өнімділікті арттырып, шаруаның шығынын азайтады.

Палатаның жүйелі қолдауы

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы агросаланы дамытуда бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді:

         •        Фермерлер мен ауыл кәсіпкерлеріне арналған оқыту курстары мен семинарлар ұйымдастырылады;

         •        Агробіліктілікті арттыруға арналған тегін кеңестер беріледі;

         •        Инвестициялық жобалар сүйемелденіп, субсидия мен гранттар туралы ақпарат беріледі;

         •        Аудандық деңгейде көшпелі кездесулер өткізіліп, нақты мәселелер зерделеніп, шешу жолдары ұсынылады;

         •        Жер, су, жайылым, несие, салық сынды мәселелер бойынша ұсыныстар тиісті органдарға жолданып, кәсіпкерлердің құқығы қорғалады.

 

– Ауыл шаруашылығын дамыту үшін ғылым, білім және практиканың бірлігі қажет. Біз ұсынған пилоттық жобалар – осы үштағанның нақты үлгісі. Ең бастысы – фермерлер жаңашылдыққа дайын, біз оларға бағыт-бағдар беруге әрқашан дайынбыз, – дейді мақаламыздың кейіпкері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер