«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маршруттар бақылауда: ТЖМ таулы және су бағыттарына жаңа талаптар енгізуді ұсынды

2025 жылғы 02 Шілде
1236 просмотров

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен туристік бизнес субъектілерінің қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жиын өтті. Кездесудің мақсаты – туристер мен ішкі туризммен айналысатын тұлғалардың елдің шалғай өңірлеріне шығатын маршруттары туралы хабарламаларды арнайы тіркеу журналына енгізу арқылы міндетті ескерту жүйесін енгізу мүмкіндігін талқылау.

Маусым айының соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қазіргі уақытта осы заң аясындағы өзгерістер түрлі нормативтік құжаттарға енгізілуде.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде қолжетімсіз аумақтарда, су, тау және спелеологиялық нысандарда қауіп деңгейі жоғары бағыттар бойынша қозғалыс туралы хабарлау қағидаларын жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Ұсынылған ақпаратты сақтау, пайдалану және есептен шығару тәртібі, сондай-ақ Мониторингке жататын қолжетімсіз нысандардың тізбесі әзірленуде.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл құжат азаматтарды құтқару шараларының тиімділігін арттырып, төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін едәуір арттырады. Алайда, талқылау барысында ұсынылған заң жобасы ішкі туризмді мемлекеттік реттеудің қатаңдауына әкеп соғуы мүмкін екені анықталды.

Жобаға сәйкес, кәсіпкерлер ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелеріне туристік маршруттар туралы алдын ала хабар беріп, сапар барысы мен қайтуы туралы мәліметтерді цифрлық жүйелерде, оның ішінде eQonaq платформасында тіркеуі тиіс болады.

Осы талаптарға сай болу үшін кәсіпкерлер өз ішкі рәсімдерін, ақпарат жинау және беру тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр. Туристер де жаңа тәртіптерді ескеруі керек. Бұл ережелер болашақта әкімшілік жауапкершілікпен бекітілуі мүмкін.

Аталған өзгерістер маусымдық не икемді кесте бойынша жұмыс істейтін шағын туроператорлардың қызметіне айтарлықтай қиындық тудыруы ықтимал.

Министрлік өкілдері бұл қағидалардың әзірге ұсыныс сипатында екенін жеткізді. Дегенмен, жиын барысында олар бұл талаптарды орындамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер әзірленіп, жауапкершілік енгізілетінін хабарлады.

Мемлекеттік органдар бастаманың басты мақсаты — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтсе де, салалық қауымдастық тарапынан сұрақтар әлі де бар. Аталған шаралар қалай жүзеге асырылатыны және олардың нарыққа нақты әсері қандай болатыны әзірге түсініксіз.

Министрлік салалық қауымдастықтармен ашық диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталмыш жобаға қатысты өз ескертулері мен ұсыныстарын уәкілетті органға жолдаған болатын.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер