«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Санитарлық қызмет нарығындағы шектеулер: қазақстандық бизнес қауымдастық дабыл қағуда

2025 жылғы 26 Маусым
888 просмотров

2025 жылғы 26 маусымда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы кәсіпкерлік қызметтің шектелуі туралы» мәселе қаралды.

Кәсіпкерлер санитарлық қызмет көрсету құқығынан заңсыз айырылып отыр

ДДД (дезинфекция, дезинсекция, дератизация) қызметін көрсетуге лицензиясы бар жеке компанияларға лицензия берілген өңірден тыс жерде жұмыс істеуге тыйым салынуда. Себеп ретінде «өндірістік база орналасқан мекенжай» деп көрсетіледі. Алайда, бұл негізсіз және заңсыз, әрі қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді.

Заңда не көзделген?  Лицензия бүкіл ел аумағында жарамды! 

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң мен Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, егер заңмен өзгеше көзделмесе, орталық мемлекеттік орган берген лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды. Дегенмен, 2025 жылғы 12 мамырда Денсаулық сақтау министрлігінің СЭБ комитеті төрағасының орынбасары қол қойған хатта кәсіпкер тек лицензияда көрсетілген мекенжай бойынша ғана жұмыс істей алады делінген. Бұл түсініксіз жағдайға әкеп соқтырды. Себебі, лицензия бар болғанымен, оны пайдалану мүмкін болмай отыр.

Нәтижесінде, әкімшілік кедергілер пайда болып, «экономикалық сепаратизмге» алып келді.

Мысал: Астана мен Қосшы арасы – небәрі 24 шақырым. Алайда, Қосшыда тіркелген кәсіпкер елордада ресми түрде ДДД қызмет көрсете алмайды. Бұл әсіресе, ШОБ үшін  экономикалық қызмет еркіндігіне тікелей шектеу болып табылады.

Қосарланған стандарттар: ведомстволық кәсіпорындарға шектеу жоқ

«Ұлттық сараптама орталығы» РМК лицензия бойынша еш шектеусіз бүкіл ел аумағында қызмет көрсетеді. 2025 жылдың 5 айында аталмыш ұйым 11 млн теңгеден астам сомаға 30-дан астам шарт жасасқан. Өз кезегінде, жекеменшік компаниялар тендерге де қатыса алмайды.

Әкімшілік тосқауыл: «негізделген бас тартулар» кәсіпкерлердің құқығын шектеп отыр

Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) алу кезінде жеке кәсіпкерлерге жасанды себептермен бас тарту жағдайлары орын алған. Мәселен, қызметкерлер бас киімсіз, мекенжай толық емес, интернетте қолжетімді мәліметтер көрсетілмеген деген сияқты себептерге назар аударылған. Жекеменшік ұйымдар СЭҚ алуды 15 күн күтсе, ал РМК 3–5 күнде ала алады.

 Қазақстанның дезинфекциялаушылар одағының пікірі:

«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті заңды бұза отырып, нарықты шектеп, өз ведомстволық кәсіпорнының мүддесін қорғауда. Бұл – бәсекелестікке қысым және лицензиялау мәнін бұрмалау» болып есептеледі.

         

 Бизнес талаптары:

  1. ДДД қызметіне лицензия қолдану бойынша аумақтық шектеулерді жою;
  2. ДДД қызметін Денсаулық сақтау министрлігі ведомстволық кәсіпорындарының жарғысынан алып тастау;
  3. Жеке және мемлекеттік субъектілерге бірдей талаптарды қамтамасыз ету;
  4. Ұлттық орталықтың қатысуымен жасалған шарттардың заңдылығын тексеру;
  5. Комитет пен оның өңірлік бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне парламенттік және қоғамдық бақылауды күшейту.

Қазақстан – бірыңғай құқықтық кеңістік. Кәсіпкерлік қызмет әкімшілік шекаралармен шектелмеуі тиіс.
Маңғыстау, Алматы не Өскемен қаласында лицензия алған кәсіпкер еліміздің кез келген өңірінде қызмет көрсетуге құқылы. Егер бұл құқық сақталмаса, әділеттілік қағидаттары ғана емес, сонымен қатар еркін нарықтың негіздерін де жоғалту қаупі туындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер