«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Регламентсіз навигациялық пломбалар: Бизнес ережелер қабылданғанға дейін кідіртуді сұрайды

2025 жылғы 04 Маусым
3096 просмотров

Биыл Қазақстан теміржол көлігінде навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, жөнелтілімдерді қадағалауды енгізуді жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде жүйе темекі мен алкоголь өнімдерін, сондай-ақ, экспорт, транзит немесе өзара сауда шеңберінде ЕАЭО елдерінің екі немесе одан да көп елдерінің шекарасынан өтетін санкцияланған тауарларды қамтиды.

Шара Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жөнелтілімдерді қадағалау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану туралы Келісімді жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр. Дегенмен, бизнес өкілдері алаңдаушылық білдіруде, себебі, нормативтік база әлі бекітілмеген. Осыған байланысты теміржол компаниялары пилоттық жоба аяқталып, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданғанға дейін міндетті түрде жүзеге асыруды кейінге қалдыруды талап етуде.

Көлік министрлігі навигациялық пломбаларды пайдалануды реттейтін нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттілігін растайды, ал, кеден органдары кедендік рәсімдер тарапынан толық дайын екенін мәлімдеуде.

ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің айтуынша, жауапты мемлекеттік органдардың бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, теміржол көлігінде қолдану тәртібі бойынша бүкіл технологиялық процесті пысықтауы, нақты жағдайларда пилоттық жобаны жүргізу және нормативтік құқықтық актіні бекіту маңызды. Мүдделі тараптар үшін міндетті нақты ережелердің болмауы түйісу нүктелерінде тоқтап қалуға әкелуі мүмкін.

«Шара тасымалдаушыларға ауыртпалық болмауы керек. Керісінше, пломбаларды міндетті түрде қолдану тасымалдаушыларды шексіз тексерулер мен қажетсіз кедендік рәсімдеулерден босатуы керек», - деді ол.

Сондай-ақ, мемлекет үшін тәуекелдерді де ескеру қажет. Қосымша шығындарды болдырмас үшін жүк жөнелтушілер балама бағыттарды таңдай бастауы мүмкін. Мысалы, Ресей аумағы арқылы ҚХР және БАМ (Байкал-Амур магистралі) бағытында, мұнда пломбалау қажет емес. Бұл Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемінің төмендеуіне және соның салдарынан ел үшін экономикалық шығынға әкелуі мүмкін.

Оның үстіне, біз бұрын айтқанымыздай, бір навигациялық пломбаны қадағалау және жою логистикалық шығындардың жоғарылауына әкеледі. Алдын ала есептеулер бойынша, бір пломбаны пайдалану (бекіту/алып тастау) құны ҚҚС-сыз 150 мың теңгені құрайды, бұл тасымалдау құнын 20-30%-ға арттырады. Вагондардың жекелеген түрлері үшін процедура құны 1,2 млнтеңгеге дейін өсуі мүмкін. Бизнес транзиттің баяулауы және жалпы жүк айналымын азайтуы мүмкін пломбалардың болмауы немесе ақаулығы салдарынан пойыздардың кешігу қаупіне алаңдайды.

Бизнес-қауымдастық навигациялық пломбалар тексерулер санын қысқартуға, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және тасымалдаудың көлеңкелі нарығын қысқартуға әкелетін болса, оң рөл атқара алатынын атап көрсетеді. Осыған байланысты, төлем тек қадағалау шығындарын және сыртқы қаржыландыру (гранттар, банктік несиелер және т.б.) арқылы барлық байланысты шығындарды жабатын ұсынысты қайта қарау маңызды.

Осылайша, жүйені іске қосу пилоттық жобаны аяқтағаннан кейін, қолданудың нақты нормалары бар нормативтік құқықтық актіні қабылдағаннан кейін, сондай-ақ, навигациялық пломбаларды орнату және пайдалану үшін экономикалық негізделген тарифтер белгіленгеннен кейін ғана мүмкін болады.

Айта кетейік, былтыр күзде Қазақстанда навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, автомобиль көлігін қадағалау тарифтері бекітілген болатын. Қызмет құнының қымбаттығы тасымалдаушыларды алаңдатып, тарифтерді 50 пайызға төмендету туралы ұсынысты мемлекеттік органдар назардан тыс қалдырды. «Атамекен» ҰКП сарапшылары жүйені енгізудегі басты мақсат – тасымалдаушылардың жұмысын жеңілдету, әкімшілік шығындарды азайту және қажетсіз тексерулерді жою деп мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер