«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мугалжар ауданында «Бір ауыл — бір өнім» көрмесі өтті

2025 жылғы 02 Мамыр
- Ақтөбе облысы
294 просмотров

Қандыағаш қаласында Мугалжар ауданындағы өнім шығарушыларының «Бір ауыл — бір өнім» көрмесі ашық аспан астында кең көлемде өткізілді. Бұл шара кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалы мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, мерекелік шараларға орайластырып ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.


Және көрмеге Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев та қатысты.

Көрменің негізгі мақсаты - ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін таныстыру және жергілікті өнімдерді насихаттау. Көрмеде кәсіпкерлер сүт, ет өнімдері, қолөнер, зергерлік бұйымдар, жылыжай, кондитер және тоқыма өнімдерін ұсынды. Мұндай өнімдер ауылдың өзіндік ерекшелігін, мәдениетін және табиғатын көрсетеді.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы 2022 жылдан бері іске асуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағдарлама аясында қажетті шараларды ұйымдастырып тұрады. Жалпы жобаға кез-келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен іскерлік қабілеті бар тұрғындар қатыса алады. Бағдарламаның ерекшелігі - нақты бір ауылдан, елді мекеннен бір өзіндік өнімді шығару, ол сол жердің шикізатына негізделе отырып, ұлттық ерекшеліктерді, нақышты, сол жердің тарихын, табиғатын баяндайтын, экологиялық таза, органикалық өнімді шығаруға бағытталған.

Бұл көрме облыстық байқауға қатысатын үздік жобаларды іріктеу кезеңі болды. Көрме соңында комиссия мүшелері қатысқан кәсіпкерлерді марапаттап, мұғалжарлық төрт кәсіпкерге Ақтөбеде өтетін облыстық көрмеге жолдама берді.
Осы төрт кәсіпкердің арасында Несібелі Қаржаубаева, «Несібе сүт өнімдері» ЖК, ерекше көзге түседі. Ол сүт өнімдерінің кең ассортиментін ұсынып, қаймақ, айран, майқұрт, ірімшік сынды дәмді өнімдерді дайындайды. Өткен жылы "Сүт өнімдерін дайындау" курсын оқып, өз шеберлігін арттырған. Ембі қаласының тұрғыны болғандықтан, ол жергілікті тұрғындарға сапалы және экологиялық таза сүт өнімдерін ұсынуда.

Ал Қандыағаш қаласының кәсіпкері Әділбек Жиенбаев эпоксидтен және ағаштан шахматтар жасап, әскери техникалық макеттерді қатырма қағаздан шығарады. 2014 жылдан бері осы кәсіппен айналысып, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруда.


Бұл көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған “Ұлт бірлігі - ұлы байлық” атты мерекелік іс-шаралардың бірі болып ұйымдастырылды. Мұндай шаралар ауыл кәсіпкерлерінің ынтымақтастығын арттырып, жергілікті өнімдердің танымалдылығын көтеруге зор үлес қосады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер