«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті

2025 жылғы 01 Сәуір
1876 просмотров

Астана, 2025 жылғы 1 сәуір – Қазақстан астанасында Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтті. Бұл іс-шара екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытудағы маңызды кезең болды. Форум Словения Республикасының Президенті Наташа Пирц-Мусардың Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылып, үкімет өкілдері мен іскерлік қауымдастық мүшелерін жинады.

Форумға Словения Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы және еуропалық істер министрі Таня Файон, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – Қазақстан-Словения сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Роман Василенко, Словения Сауда-өнеркәсіп палатасының атқарушы директоры Марьяна Майерич, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов және Қазақстан мен Словенияның жетекші компанияларының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов екіжақты тауар айналымының айтарлықтай өсу әлеуетін атап өтті. 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 106 млн АҚШ долларын құрады. Ынтымақтастықтың әлеуеті зор бағыттары ретінде азық-түлік және ағаш өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, электр жабдықтары, тау-кен техникасы, металлургия, көлік және логистика салалары аталды.

«Біз Қазақстан мен Словенияның тауар айналымын арттыруға және бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндіктері бар екеніне сенімдіміз», – деп атап өтті Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда словениялық капиталдың қатысуымен 19 кәсіпорын тіркелген. Олардың қатарына Transalex, KRKA, Gorenje, Lek, BISOL Group, DUOL және Iskratel компаниялары кіреді. Қазақстан мен Словения арасындағы табысты серіктестіктің жарқын мысалы – BISOL Group компаниясының Қазақстанда қуаты 2 МВт болатын алғашқы күн электр станциясын салу жобасы. Бұл жоба Самұрық-Энерго және Samruk-Green Energy компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылды.

Фармацевтика саласында Қазақстан KRKA компаниясымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бұл компания Қазақстандағы жетекші 30 фармацевтикалық компанияның қатарына кіреді. Логистика саласында Қазақстан Transalex халықаралық көлік компаниясымен табысты жұмыс істеп келеді. Компания ТМД және Шығыс Еуропа елдеріне жүк тасымалдаудың сенімді әрі тиімді шешімдерін ұсынады.

Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетіктерінің бірі – Қазақстан-Словения Парламенттік достық тобы және Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия (ҮАК). Бұл құрылымдар индустрияландыру мен цифрлық технологиялар, көлік және логистика, азаматтық авиация, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Словения арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға сенім білдіріп, екіжақты диалогтың, технология алмасудың және бірлескен инвестициялық жобалардың маңыздылығын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер