Қарағанды облысында бизнес-орта қалай дамып жатыр: Өңірлік кеңес отырысында талқыланған негізгі тақырыптар
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің үшінші отырысы өтті. Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды: алдыңғы отырыстар шешімдерінің орындалуы, шағын индустриялық аймақтарды іске қосу және қалалық инфрақұрылым мәселелері.
Облыстағы шағын өндірістік аймақтарды (ШӨА) дамыту – басты талқыланған тақырыптардың бірі болды. Бұл жөнінде «Сарыарқа» ӘКК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалымжан Жұмасұлтанов толық презентация жасап, жоба жайлы баяндады.
– Біз дайын инфрақұрылымы бар өндірістік бизнеске арналған аймақ ұсынамыз. Коммуникация тарту, жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған. Жылдық мөлшерлеме – 3%, мерзімі – 7 жылға дейін. Мақсатымыз – кәсіпкерлердің бизнеспен айналысуына жағдай жасау, – деді ол.
Кеңес мүшелері бастаманы қолдады. Сонымен қатар, резиденттерді іріктеу механизмін жетілдіру және аудан кәсіпкерлерінің нақты қажеттіліктерін ескеру жөнінде ұсыныстар айтылды. Қатысушылар атап өткендей, әсіресе өңдеу өнеркәсібі саласында өңірлік ерекшеліктер ескерілмесе, жақсы дайындалған бағдарлама да өз нәтижесін бермеуі мүмкін.
Отырыста сонымен қатар аудандарда шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығын өңдеуді қолдау мақсатында 500 шаршы метрлік өндірістік кешендер салу бағдарламасы талқыланды. Бұл кешендер бөлінген жер телімдерінде салынып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен жалға беріледі. Әр ауданда жобаға шамамен 150–180 миллион теңге қарастырылған.
Қалалық инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Отырыста орталықтандырылмаған жылу жүйелеріне көшу бастамасы көтерілді.
– Біз тек пікір білдіріп қана қоймай, нақты естілетін деңгейде болуымыз керек. Бұл – қаланың іскерлік тартымдылығына әсер ететін жүйелі шешімдер. Баламалы жылыту – бұл бизнес пен халық үшін де үнем мен тұрақтылық, – деді Өңірлік кеңес мүшесі Владимир Крючков.
Кеңес жұмысына сарапшыларды тарту да жеке қаралған мәселе болды. Бір ауыздан қабылданған шешіммен ОЮЛ «Полиграфистер қауымдастығының» басқарма төрайымы Рашида Сафина мен Бухгалтерлер және салық төлеушілер қауымдастығының директоры Сара Жүнүсова Кеңес құрамына енгізілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша бірнеше хаттамалық тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, ШӨА дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу, қала құрылысы мәселелеріне қатысты үндеу дайындау, электронды цифрлық қолтаңба тақырыбын пысықтау, сарапшылар құрамын кеңейту және Кеңес мүшелерінің ақпараттық белсенділігін арттыру.
– Өңірлік кеңес – бұл кәсіпкерлердің мүддесін қорғай алатын, шешімдерге ықпал ете алатын жұмыс істейтін құрылым. Біз бүгін тек коммуникацияны емес, аймақта орнықты іскерлік архитектураны қалыптастырып жатырмыз, – деді Кеңес төрағасы Владимир Алекскеров.
Кеңестің келесі отырысы сәуір айына жоспарланған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: