«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтар жылы: Кәсіпкерлер палатасы мен бизнес ынтымақтастықты арттыруға әзір

2025 жылғы 05 Ақпан
- Шымкент қаласы
348 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атады. Сарапшылар бұл шешім білім беру жүйесі мен мамандардың біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікірде.

Осыған орай Шымкентте Президент бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам ретінде бизнес пен оқу орындары арасындағы өзара байланысты нығайтуға басымдық берілмек. Әсіресе, дуальды оқытудың жол картасы аясындағы әріптестік нығая түседі.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорынға жұмыс барысымен барды. «Janna Eltanova» ЖШС киім және аяқ киім шығаруға маманданған. Мұнда оқу орындарының студенттері теориялық білімді практикамен ұштастырып, іс-тәжірибеден өтеді.

«Қазіргі таңда өңіріміздегі 400-ден астам кәсіпорын дуальды оқыту жүйесіне қатысуда. Жалпы саны 24 колледже 8 мыңға жуық шәкірт 25 сала мен 75 мамандық бойынша осы жүйемен қамтылған. Осының нәтижесінде студенттер өз мамандығының теориясын ғана емес, практикалық біліктіліктерін де үйреніп, кәсіпорындарда іс-тәжірибеден өтуде. Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы мен қаламыздағы білім беру ұйымдары мықты мамандар әзірлеп, экономиканың барлық саласын дамытуға негіз болатын мықты әрі тұрақты жүйе құру бағытындағы жұмысты жалғастыра түседі», – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

«Janna Eltanova» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Киім, аяқ киім және шұлық шығаратын фабрикаға 400 млн теңге инвестиция тартылған. Жалпы саны 200 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Фабрика толық қуаттылығына шыққанда жылына 43 мың дана киім, 35 мың жұп аяқ киім шығарады деп күтілуде.

Кәсіпкер өндіріске қажет мамандарды оқудың алғашқы кезеңінен-ақ іс-тәжірибеге жұмылдырып, соңынан жұмысқа алатынын айтады.

«Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде сабақ беремін. Біздің кафедра креативті индустрияда бойынша дуальды оқу жүйесіне қатысады. Дизайнерлерді, тігіншілерді, бағдарламашыларды, фешн-дизайнерлерді оқытамыз. Студенттеріміздің барлығы 1 курстан бастап іс-тәжірибеден өтеді. Біз дизайнерлік бағытта басымдық береміз, яғни, болашақ мамандар орамалдар, қалталар сияқты киімдердің этно-стиліндегі дизайнын жасайды, ол дизайн компьютердегі бағдарламаға ензігіліп, арнайы текстильді принтерде басып шығарылады. Яғни, біз жай ғана киім тігіп қоймаймыз, киімге шығармашылық тұрғыда қарап, ерекше үлгілерін, эскиздерін жасаймыз. Осылайша мамандарды алғашқы күннен ақ жұмыс және практикамен қамтуға өз үлесімізді қосып келеміз. Компаниямыздағы суретші қыздар Франция астанасы, әлемнің сән орталықтарының бірі – Парижде курсқа қатысып, біліктілік арттырып келді, арнайы сертификаттары бар. Енді алған біліктілігін Шымкенттегі өндіріске енгізуде. Түрлі текстиль, этнотекстиль стильдегі дизайнерлік жобаларымыз бар. Сөмкелер, шапандар, орамалдар сияқты өнімдерімізді қаламызға келген Шетелдік туристер қызыға сатып алады», – дейді «Janna Eltanova» ЖШС құрылтайшысы Жанна Елтанова.

Мұхтар Әуезов ОҚМУ сән дизайны мамандығының ІІ курсында оқитын Арна Төлеген іс-тәжірибеден өту болашақ мамандар үшін пайдалы екенін айтады.

«Оқуымыздың І курсынан бастап практикаға қатысып келеміз. Оқуда алған теориялық білімді іс-тәжірибеде қолданып, өнімдердің дизайнын жасаймыз, оны тігіп шығаруға қатысамыз. Соның нәтижесінде диплом алған соң кез келген жұмыс орнына барғанда тәжірибеміз бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Осындай білім беру жүйесі студенттер үшін пайдалы деп аайтар едім», – дейді Арна Төлеген.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңірлердегі кәсіпорындардағы мамандар қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасындағы бұл мониторинг еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға және техникалық және кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына орай бейімдеп, маман дайындаудың сапасы арта түседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер