«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЕЭК: кедергісіз интеграция

2024 жылғы 23 Тамыз
- Алматы қаласы
4702 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП алаңында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелері және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің кездесуі өтті. Диалог кәсіпкерлер үшін туындаған проблемаларды қыркүйекте өтетін комиссияның келесі отырысының күн тәртібіне енгізу мүмкіндігіне айналды.

«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған ЕЭК мүшелерінің көшпелі кездесуі – Астанаға сапары түсе бермейтін бизнес өкілдері үшін қолайлы болды. Отырыстың күн тәртібін айта келе, модератор – «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Тимур Жаркенов Еуразиялық экономикалық одақ жұмыс істеген жылдары Қазақстан үшін ЕАЭО бойынша әріптестермен өзара сауда экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын тілге тиек етті. Біздің мемлекеттер арасында тауарларды жеткізу тетігі қалыптасып, жақсы жолға қойылғанын да атап өтті. Бірақ оған қарамастан, ЕАЭО мемлекеттері арасындағы шекарасынан жүктердің өтуі кезінде әлі де кейбір мәселелер орын алуда.

«Кеден бекеттерінде, кедендік жедел топтарының іс-әрекетінде бақылау іс-шараларын жүргізу тәжірибесінде тауарларды шекарада ұзақ ұстау жиілеп кеткен жағдайларға қазақстандық кәсіпкерлер алаңдаушылық танытуда. Біздің түсінігімізде ондай жағдйлар Одақтың қағидаттарына қайшы келеді. Одаққа мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамы мұндай іс-әрекеттерін теріс бағалайды, өйткені тауарларды жеткізу уақыты бұзылады, жасалған келісімдердің шарттары орындалмайды, тиісінше, әбігерге салады және қаржылық шығындарына апарып соғады. Сондықтан, бүгінгі кездесудің күн тәртібінде кәсіпкерлік қоғамдастық үшін өзекті проблемалық мәселелер бар», - деп атап өтті Жаркенов.

ЕЭК делегаттарымен кездесуге арнайы келген кәсіпкерлер шекара арқылы тасымалданатын жүктер мен тауарларды ресімдеу кезінде туындайтын қиындықтар туралы айтып берді. Атап айтқанда, «УральскАгроРемМаш» АҚ-ның стратегия және экспорт жөніндегі директоры Асхат Акчурин Ресей Федерациясына техниканы жеткізу мерзімін кешіктіретін жағдай туралы айтып берді.

«Біздің кәсіпорын өндірген тіркемелер мен жартылай тіркемелерді жеткізу кезінде «Одинцово» кеден бекеті біздің жүктерді реэкспорт ретінде рәсімдей отырып, кәдеге жарату алымын есептеуден бас тартты. Ал біз кері экспортпен айналыспаймыз, бізде тауар өндіруші мәртебесін растайтын СТ1 сертификаты бар. Ол ЕАЭО тізілімінде тіркелген. Біз араға бір жарым ай салып, басқа кеден бекетіне жүгінуге мәжбүр болдық. «Зеленоград» бекетінде есептелген кәдеге жарату алымының есебін алып, өз тауарларымызды жөнелту мүмкіндігіне ие болдық. Бірақ бұл көп уақыт алды. Бір жағдайда 50 күн, екіншісінде – 82 күн, ал үшіншісінде-107 күн жүмсалды. Ал ЕАЭО қатысушыларына жатпайтын елдер үшін барлық қажетті рәсімдерді небәрі 6 күнде өткізеді. Сондай-ақ, бүгінгі күні кәдеге жарату алымының мөлшері 600 мың рубль екенін атап өткен жөн. Бұл кедендік рәсімдерден өткеннен кейін біздің өнімнің қымбаттауына апарады. Біздің тарапымыздан мұндай алым алынбайды. Сонымен қатар, оларда кәдеге жарату субсидияланады, бізде ондай шара жасалмайды. Ресей Федерациясының кеден қызметі - федералды орган. Бұл жағдайда сұрақ туындайды: неліктен әр пост келісім-шарт нормаларын өзінше түсінеді? Нәтижесінде, ағымдағы жылдың қаңтар айынан шілдеге дейін біз сатып алушыларға тек 18 тіркеме мен жартылай тіркеме жеткізе алдық. Жыл соңына дейін 140 бірлікті апаруға қауқарымыз бар, бірақ ол бұғатталған, себебі электрондық паспорт және кәдеге жарату алымы бойынша мәселелер шешілмейді. Тиісінше, сатып алушылар мәміледен бас тартады. Менің ойымша, бұл қаржылық шығындарға апарады, көптеген уақыт алады және кәсіпорынның беделіне соққы екенін түсіндірудің қажеті жоқ деп ойлаймын», - деп түсіндіреді Асхат Акчурин.

Сондай-ақ, қазақстандық цементті жеткізуді Қырғызстан Республикасы шектегенін ЕАЭО-ның қатысуынсыз  шешуге мүмкіндік жоқ болып отыр. Қырғызстанға цемент экспорты бойынша аймақтық менеджер Александр Ошурков мәселенің мәнін мүмкіндігінше қысқа етіп бейнелеуге тырысты.

«Ағымдығы жылдың 12 шілдесінде Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің №374 қаулысы қабылданды. Оған сәйкес Қырғызстан аумағына портландцементті автокөлікпен әкелуге 6 ай мерзімге уақытша тыйым салынды. Қазақстандық цемент жоғары сапалы және қолайлы бағаға ие, соның арқасында ол көшбасшы позициясын мықтап алады. Қырғызстан қазақстандық цемент үшін негізгі экспорттық нарықтардың бірі болып табылады. 2023 жылы жеткізілім көлемі 9 млрд. теңгені құрады. Қырғызстандағы барлық цементтің 98% - ы Қазақстан Республикасынан келген цементке тиесілі болғандықтан, осы тосқауылдан Қазақстан Республикасының экономикасына келтірілген залал 9-дан 11 млрд.теңгеге дейін болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз Қырғызстанның іс-әрекетін ЕАЭО ішінде тауарлардың қозғалысына тосқауыл ретінде тануды және осы мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізуді сұраймыз», - деді Александр Ошурков

Делегация мүшелері барлығы 8 мәселені қарады. Олардың барлығы Одаққа қатысушы елдер бизнесінің өзара іс-қимылын қиындататын ішкі кедергілерді жою үшін интеграцияны күшейту қажеттілігіне қатысты. Барлық баяндалған және талқыланған мәселелерді делегация мүшелері мұқият пысықтап, ортақ мәмілеге келу үшін комиссия отырысына шығаруға және бұндай көшпелі кездесулерді жиі өткізуге ниетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер