«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастықты нығайта түсті

2024 жылғы 04 Мамыр
2659 просмотров

Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин кездесу өткізді.

Кездесуде екіжақты қатынастарды дамытуға байланысты көптеген мәселе талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен инвестиция салу, сауда-экономикалық ынтымақтастық және өзара сауда ағындарын кеңейту мүмкіндіктері қаралды.

Павел Утюпин екі ел арасындағы экономиканы біріктіру көзделгенін, ол үшін зор әлеует барын атап өтті. Сонымен бірге, Беларусь Республикасының статистикалық мәліметі бойынша, 2021 жылы қос ел іскерлік байланыста қомақты жетістіктерге жеткен.

Сондай-ақ, елші таяуда болатын бірлескен іс-шаралар туралы да айтты.

Биылғы жылдың 30-31 мамырында Минск қаласында Беларусь-Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының XVIII отырысы өтеді. Бизнес өкілдері қатысатын іскерлік кеңесті офлайн форматта өткізу жоспарланған.

Үкіметаралық отырыста кооперациялық жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, Қостанайда ауыл шаруашылығы техникасына арналған кабиналар шығаратын заманауи зауыт, Көкшетауда дақыл егуге арналған техника шығаратын зауыт, Қызылордада автокөліктер, тракторлар, комбайндар және автобустарға арналған әйнектер шығаратын зауыт ашылады деп күтілуде.

Жиында  Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин кооперация құру үшін көптеген бағыт барын атап өтті. Бүгінде өрт сөндіру-құтқару техникасын локализациялауға қатысты бірлескен өндіріс мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, Беларусь Республикасында агроөнеркәсіптік өнімдерді өсіру және өңдеу бойынша мол тәжірибе бар. Сондықтан мұндай жобалар басымдыққа ие болады.

ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов бұл кездесу қос ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту жолындағы маңызды қадам екенін айтып, аталмыш кездесулер екі ел арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететіндігін жеткізді.

Мұрат Қарымсақов ҚР Сыртқы сауда палатасы жұмысының инвестициялық жобаларды іздеу және сүйемелдеу, сараптама қызметтері, консалтингтік қызметтерді көрсету бойынша негізгі бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ, спикер инвесторларға тың мәліметтер тарату үшін интерактивті инвестициялық карта жасалғанын, онда мемлекеттік қолдау шаралары мен ірі тендерлерге қатысу мүмкіндігін қоса алғанда, инвесторлар үшін толық ақпарат жинақталғанын айтты.

Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесін ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Бұл іс-шара екі елдің бизнес-қоғамдастықтығының өкілдері арасындағы өзара түсіністікті тереңдету, сондай-ақ экономикалық байланысты нығайту және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамаларды талқылау үшін қолайлы платформа болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер