«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мотор майы және антифриз: Қазақстанда автохомия нарығы қалай дамып жатыр

2023 жылғы 29 Мамыр
5152 просмотров

Бес жыл ішінде Қазақстанда автохимия өндірісі 20%-ға өсті. Қазақстанның автохимия нарығында мотор майлары, антифриз және тежегіш жүйелеріне арналған сұйықтықтар ең танымал өнімдер. Бұл ретте отандық автохимия өндірісі өзінің барлық әлеуетін әлі ашқан жоқ.

«Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры  Алмат Асқардың айтуынша, қазіргі кезде автохимия нарығы өсуінің негізгі факторлары автомобильдерді сату көлемін ұлғайту, автохимиядағы экологиялық қауіпсіз өнімдердің маңызы туралы хабардарлықты арттыру, сондай-ақ экологиялық стандарттарды арттыру болып отыр.

«Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда автохимия өндірісі 20%-дан астамға өсті. Қазір Қазақстан мотор майлары, антифриз, тежегіш сұйықтықтар, трансмиссиялық майлар, түрлі мақсаттағы гидравликалық жүйелерге арналған арнайы сұйықтықтар, автокөлікті тазалау және күтіп ұстауға арналған өнімдерді және басқа да автохимиялық тауарларды шығарады. Қазақстанда автохимия нарығы өсе береді деп болжанған. Алайда, одан әрі өсу әлеуеті нарықтың қазіргі жағдайынан әлдеқайда жоғары екенін атап өткен жөн», – деді Алмат Асқар «Қазақстан автохимия нарығының перспективалы нишалары: мүмкіндіктер мен қауіптер» дөңгелек үстелі барысында.

Спикер шешуді талап ететін бірқатар мәселе барын хабарлады. Атап айтқанда, импортқа жоғары тәуелділік, нарықтың тұрақсыздығы және жоғары білікті мамандарды дайындау қажеттілігі.

Мысалы, автохимия өнімдерінің импорты 2021 жылы 96,3 млн долларды құрады. Ал геосаяси ауытқулар мен жекелеген өнім түрлерін экспорттауға шектеу жеткізу тізбегінің бұзылуына әкелді: бұрын пайдаланылған маршруттар сенімді болмай қалды.

Техникалық қалдықтарды өңдеу және салқындатқыш сұйықтықтар, абсорбенттер және диатомды спирттерді өндіру зауытының бас директоры Еркебұлан Суанбаев қазақстандық өндірісті локализациялау үшін өнімнің қазақстандық құрамын нақты айқындау, ұлттық стандарттарды әзірлеу және жетекшілік ететін министрліктердің функционалын біріктіру қажет екенін атап өтеді.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов Қазақстандағы автохимия нарығының қазіргі жай-күйі, негізгі проблемалар және осы бағыттағы бизнесті дамытудың перспективалық бағыттарын анықтау мәселелерін көтерді.

«Бүгінде сыртқы және ішкі жағдайлардың едәуір күрделенуі аясында серпінді, инклюзивті, ұтымды және орнықты даму жолында одан әрі ілгерілеуді жалғастыру бойынша Қазақстан алдында күрделі міндет тұр. Әлемдік шикізат нарықтарындағы теріс трендтер дәуірінде елдің қолайсыз экспорттық және өндірістік мамандануға тәуелділігін қысқарту, жаңа, технологиялық жағынан анағұрлым күрделі өнімдер экспортын ұлғайту және импортты алмастыру процестерін жүзеге асыру үшін жағдай жасауға бағытталған әртараптандыру экономикалық өсудің драйвері болуға тиіс», – деді Рахман Алшанов.

Еске салсақ, «Тұран» университетінің алаңында «Қазақстан автохимия нарығының перспективалы нишалары: мүмкіндіктер мен қауіптер» дөңгелек үстелі өтті. Оған осы саланың ғылыми және бизнес-топтарының өкілдері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер