Қызылордада кәсіпкерлер жаңадан қабылданатын салық кодексінің жобасына ұсыныстарын беріп жатыр
Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі жанындағы Шағын және орта бизнес комитеті отырысында елдегі салық саясаты талқыланып, кәсіпкерлер Президенттің тапсырмасымен әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексінің жобасына ұсыныстарын берді.
Шарада комитет төрағасы Бейбітәлі Тілеулиев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда салық кодексін жаңадан жазып шығуды тапсырғанын айта келе, бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанында осы мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Жұмыс тобында өңірлерден келген ұсыныстар талқыланып, жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасы дайындалмақ.
Отырыста «Табыс корпорациясы» ЖШС директоры Жанар Абдуллаева дивидентке салынатын салыққа қарсы екенін атап өтті.
«Біз онсыз да сол дивидентке дейін барлық міндетті төлемдерді төлейміз. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы да бар. Ендеше неге дивидентке қосымша жеке табыс салығын төлеуіміз керек?», – деді шарада серіктестіктің басшысы.
Ал «CarStar» ЖШС-нің бас есепшісі Толыбек Қазиханов табысқа салынатын салықты оңтайландыру қажет деп санайды.
«Қазіргі қолданыстағы заң талаптары бойынша табыстан алты түрлі салық ұсталады. Шет елдерде біріктіріліп бір немесе екі түрі ғана алынады. Сол тәжірибені біздің елімізде де қолданса жақсы болар еді», – деді Толыбек Қазиханов.
Ал «Абай-Дәулет» ЖШС-нің есепшісі Райхан Көшекеева тауарға берілетін ілеспе шот-фактураға қатысты ұсыныс берді.
«Тауарларға арналған ілеспе шот-фактура беру міндеті тауарларды өткізетін, әкелетін және экспорттайтын барлық салық төлеушілерге жүктелген. Бұл саудамен айналысатын кәсіпкер үшін айтарлықтай салмақ. Мәселен сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерде 7000 кейде 8000 тауар түрі болуы мүмкін. Соның барлығына виртуалды қоймада көрсетіп, құжат дайындап отыру өте қиын. Бұл талап тек экспортталатын отандық өнімдерге ғана қойылғаны жөн», – деді Райхан Көшекеева.
Отырыста бұдан басқа электрондық шот- фактурамен жұмыс барысын жетілдіру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін төлем мәселесі мен көлікке салынатын салық т.б.проблемалар қаралып, талқыланды. Оны оңтайландыруға қатысты кәсіпкерлер ұсыныстарын да берді.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гаухар Елеусінова кездесуде айтылған, сондай-ақ өзге де кәсіпкерлерден онлайн жиналған ұсыныстардың барлығы «Атамекеннің» Орталық аппаратына жолданып, жұмыс тобында талқыланатынын жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: