Қор нарығына шығудың берері көп
Қазақстанның қор нарығына шығуы – отандық компанияларды дамытудағы сәтті қадам болмақ
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында отандық компанияларға арналған семинар өтті. Семинар барысында "Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) қор нарығының құралдары арқылы қаржыландыру тәсілдері түсіндірілді.
«Осы жылдың сәуірінде "Атамекен" ҰКП мен "Қазақстан қор биржасы" АҚ" серіктестік орнату туралы меморандумға қол қойған болатын. Оның мақсаты құнды қағаздар нарығын дамытуға үлес қосу, отандық ұйымдарды қор нарығына шығаруды ынталандыру және жағдай жасау болып табылады. Ол үшін осыған ұқсас ақпараттандыру семинарлары бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылды. Нәтижесінде биылғы жылдың басында 14-ке тарта отандық компания қазақстандық қор нарығына шығуға ниет білдірді», – деді семинардың ашылуы барысында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Алмат Жүнісов.
Бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор, KASE басқармасының мүшесі Қайрат Тұрмағамбетов қор нарығының компанияларға кепілсіз қаржы алуларына үлкен мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
«Банктен қандай да бір сомада ақша алу керек болса, сіз өз меншігіңіздегі мүлікті кепілдікке қоясыз. Бұл көп жағдайда жылжымайтын мүлік болады. Құрылыстың материалы мен мерзіміне қарамастан, сізге бағаланған сомада 20-50% қаржы ұсынады. Ия, бұл тәсіл сізге бастапқы кезеңде өсуге мүмкіндік жасайды. Алайда, ірі компанияға айналу үшін, үлкен нарыққа шығу үшін бұл сізге жеткіліксіз болады», – деді Қайрат Тұрмағамбетов.
Бұл күні сөз сөйлеген спикерлер – KASE сарапшылары және «Цесна Капитал» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ сынды брокерлік компаниялардың өкілдері, қор нарығына шыққаннан кейін, компаниялар сол сәттен бастап жариялылық ұстанымын ұстанатынын түсінуі керек екенін атап өтті. Яғни олардың қаржылық есеп пен бірлескен шешімдерін қосқанда, барлығы түгелімен айқын әрі ашық болуы тиіс. Өйткені инвесторлар қандай компанияға ақша салып отырғандарын білуі керек.
Спикерлер облигациялардың артықшылықтары мен IPO көпшілік акцияларын орналастыру туралы толығырақ баяндап берді.
«Фридом Финанс» АҚ корпоративтік қаржы департаментінің директоры Сәкен Үсер шағын және орта бизнес субъектілерін нарыққа шығуға шақырды. Өйткені бұның нәтижесінде компания нарықтық құнын иеленіп, әдетте бәсекелестерінен қымбат бағаланатын болады.
«Цесна Капитал» АҚ өкілі Ая Алдабергенова, өтеуді және пайызын төлеуді қажет етпейтін ұзақ мерзімді капиталды тарту кезінде IPO-ның артықшылығы борыштық қаржыландыру жағдайын жақсарту, сенімді арттыру және серіктестермен, жеткізушілермен, тұтынушылармен қарым-қатынасты орнықтыру болып табылатынын атап өтті.
«Сентрас Секьюритиз» АҚ өкілі Талғат Камаров, өз бағалауы бойынша, күн сайын нарықта көптеген инвесторлардың кездесетінін, және де сол инвестицияларды пайдалану үшін отандық компанияларға тек қана өзінің артықшылықтары мен алдағы жоспарларын дәлелдеу керек екендіктерін айтты.
«Компанияның қор нарығына шығу есебінен және олардың акцияларының иесі болу мүмкіндігінің қарастырылуынан біздің елімізде орта санат пайда болады», – деді Қайрат Тұрмағамбетов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: