«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның тау-кен саласын не күтіп тұр?

2016 жылғы 18 Тамыз
12611 просмотров

Алдағы бірнеше жыл Қазақстанның тау-кен саласы үшін сынақ мерзімі болмақ

Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы (ТМКҚ) өкілдері осындай пікірде. Қазіргі қалыптасқан дағдарыс саланы жақсылап сілкілеп алуы мүмкін деп санайды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының мүшесі және ТМКҚ-ның атқарушы директоры Николай Радостовец. Оның айтуынша, мұндай «дауылда» жалғыз дұрыс шешім шығындарды қадағалау және кәсіпорын шығындарын оңтайландыру ғана. Қауымдастық басшысы саланың жай-күйі және келешегі жайында www.palata.kz веб-сайтына айтып берді.

Николай Владимирович, қазір саланы дағдарыс алаңдатуда, оның осы баға тоқырауы кезеңінде жүрісінен жаңылмауы үшін қандай мүмкіндіктері бар?   

Сала үшін ең бастысы – бұл мемлекеттік реттеу және қаражат жүктемесі. Біз көктемнің басында Қауымдастықта тау-кен  комбинаттары (ТКМ) қазынаға негізгі және қосымша алымдарды жалпы қанша төлейтінін есептеген болатынбыз. Негіз ретінде EBIT бағдары немесе пайыздар мен салықтарды төлеуге дейінгі табыс алынды. Соның нәтижесінде біз салаға түсетін қаржылық жүктеме 60%-ға жуық екенін анықтадық. Ал, Қаржы министрлігінде ТМК-на түсетін салықтық жүктеме 12-13% шамасын құрайды деп есептейді, себебі олардың есептеулері жиынтық жылдық табыс негізінде жүргізіледі. Бұл саланың елдегі экономика қайтарымына көзқарастың алшақтығын көрсетеді.

Салық ахуалының осындай түсініктеріне қарап, негіздемелі реттеу жасау қиын. Қазір жаңа Салық кодексін енгізу 2018 жылға қалдырылды, бірақ ол туралы пікірталастар қызу жүруде. Біз БАҚ-та сатудан түсетін салықты енгізу жөнінде жағдайды күрделендіру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мұндағы біздің ұстанымымыз өзгеріссіз қалады. Біз сатудан түсетін сарқылмас салықпен өндірістік тізбектегі шығындардың мультипликациясын емес, ҚҚС-ны әкімшілендірудің жақсарғанын қалаймыз. Меніңше, металл мен көмірге көзқарас тұрғысынан, бұл күз бен қыс ҚҚС-ты жойғаннан кейін салықтық жүктеменің одан әрі ұлғаюы қауіпті екенін көрсетеді. Айтпақшы, «Қазмырыш» тобы қазірдің өзінде өз құрылымын қайта құру және еншілес кәсіпорындарын жою жөнінде ойластырып жатқандарын мәлімдеді, өйткені сатудан түсетін салыққа көшкеннен кейін ішкі қызметтер олардың шығындарын жылына 40-50 млн долларға дейін ұлғайтуы ықтимал. Демек, осындай жанама салықты енгізудің қауіптілігін тағы да бір рет ойластырып алған дұрыс.

Жер қойнауы туралы кодекстің күшіне енуі де 2018 жылға белгіленген. Біз сала үшін маңызды бұл құжат жаңа Салық кодексімен үйлеседі деп сенеміз, себебі мұндағы басты мәселе жаңа инвесторлар мен стратегиялық кен орындары үшін салықтық тұрақтылық мәселесі болып қала бермек. Жалпы, біз кәсіпорындардың ұсынымдары негізінде жасалған өз ұсыныстарымыздың пакетін әзірлеп қойдық.

Егер, жалпы жағдайға зер салсақ, онда Жер қойнауы туралы кодекс жобасының келешегі зор. Мысалы, кеніштерді рекультивациялауға арналған депозиттерді орналастыру туралы ережелер күні бұрын кен өндіру көлеміне шамалас келеді. Расымен де, қаражатты бұлайша мүдделі банктердің есепшоттарында қаңтарып қою кәсіпорындардың айналымдық қаражатын едәуір әлсіретуі мүмкін. Оған қоса, көптеген кеніштер оларға кеңестік кезеңнен қалған, мұндай кен орындары сарқылудың алдында тұр. Жер қойнауын пайдаланудың бүкіл циклы барысында неліктен тек компаниялар ғана оларды рекультивациялаудың ақысын толығымен төлеуі тиіс? Бәлкім, мұнда кеніштерді жоюды реттеудің халықаралық тәжірибесін көбірек зерттеу және де Жер қойнауы туралы кодексте  компаниялар мен мемлекеттік қорлар кеніштерді игерудің бастапқы сатысы кеңес кезінде басталған жерлерге түсетін жүктемені бірдей етіп бөлісетіндей, өтпелі ережелерді анықтау қажет шығар?  Бұл дер кезінде инвестициялармен және персоналды жалдаумен қамтамасыз ету үшін кәсіпорындардың қаржы ағынын тұрақтандыруға көмектесер еді.

Сондай-ақ, кодекс салықтық мөлшерлемелерді австралиялық әдіс бойынша ұсынады. Олар қазақстандық жағдайға сәйкес келе қояды деу қиын, брақ тұтастай алғанда реттеудің анағұрлым либералдық жүйесінің рухы инвесторлар үшін көпе-көрінеу. Оны қабылдаған жағдайда, Салықтық кодекспен сәйкестендіру кезінде,  салық жүйесінде коммерциялық бағыттағы бонустың және үстеме пайдаға салынатын салықтың алып тасталуы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа ауысу ықтималдығы артады. Төмен бағалар кезеңінде кез келген жағдайда салықтық мөлшерлемелердің көтерілуі  әрдайым оларды жинаудың үлкен көлемін білдіре бермейді. Сонымен бірге ТМК-ның кейбір салалары  Жер қойнауы туралы кодексте айқын реттелмеген. Мысалы, онда реттеушінің техникалық-минералдық түзілістерді қайта өңдеуге және жерасты суларын пайдалануға айқын көзқарасы жоқ. Мұндай елеулі қателіктерді кәсіпорындармен бірлесе отырып жөндеу қажет.

Қазірше Жер қойнауы туралы кодекс қабылданбай тұрып, кәсіпорындар жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы жарғылық капиталды толықтыру мүмкіндігі тұрғысынан өзгерту қажеттігі туралы айтуда.  Мұндай нормалар қазірдің өзінде жаңа кодексте бар. Бірақ, жер қойнауын пайдаланушыларды инвестициялық қорландыру бюрократиялық тосқауылдармен қиындап отыр. Сол себепті кәсіпорындар жарғылық капиталды ұлғайту үшін рұқсатнама алу, акционерлердің арасында акцияларды қосымша жайғастыру қажет емес кезде негіздемелердің тізімін кеңейтуді өтініп отыр. Сондай-ақ, олар реттеуден жер қойнауын пайдалану құқықтарын кепілдікке енгізу және соған алынған кредитті пайдалануға қатысты мемлекеттік органдармен келісу бойынша талаптарды шығарып тастауды ұсынады. Одан бөлек, таяуда ҰКП-да өткен базалық салалар комитетінің отырысында тау-кен компаниялары келісімшарттар жобасына және оларға толықтыруларға экономикалық сараптама жасауды жоюды ұсынды. Оның үстіне, тау-кен өндіру бизнесінің салық салынатын табысқа жиынтық жылдық табыстан ҒЗТКЖ-ға аударым базасын өзгерту жөніндегі ұсынымдары айтылды. Осының бәріне қоса, экологиялық төлемдер қосымша жүк болып отырған қиын уақытта, компаниялар олардың экологиялық қадағалау комитетінде,  энергетика министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияда экологиялық борыштары бойынша сотқа дейінгі апелляцияларын қарау кезінде біраз дамыл алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс.  Біз мемлекет осы мәселелерге түсіністікпен қарайды деп сенеміз.

– Соңғы уақытта біз мыс, мырыш, темір, алтын бағаларының аздап көтерілгенін байқап отырмыз. Бұл кәсіпорындарға жәрдемдеспей ме?

– Иә, таяудағы бағалардың секірісі кейбір кәсіпорындарға өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік берді. Мұнда доллардың үйлестірілген тежелісі, Brexit, шикізат нарықтарындағы алыпсатарлардың әрекеті және орталық банктердің экономикалық өсімді тірілтуге кезекті талпыныстары әсер етті. Ең дұрысы, күзде нарықтағы коррекция аяқталады, біз сөйтіп қайтадан жаңа баға құлдырауына тап боламыз. Сол себепті компаниялар кәсіпорындардың шығындары мен шығасыларын бақылау көздерін іздестіруі, әкімшілік кондырмаларды тексеруі қажет, өйткені бағалар үш-төрт жыл бойы төмен болып қала бермек. Бұл дауылдан корпорациялардың бәрі бірдей шығынсыз шығуы екіталай. Және де дағдарыстан шығудың жолы біреу ғана – шығындарды үнемдеу, өндірістік процестерді оңтайландыру, әкімшілік аппаратты ұлғайтпай, қаржылық аскетизмді ұстану. Сондай-ақ, жаңа тауашаларды іздеу, жаңа тауар өнімдерінің регламентін дамыту қажет. Таяуда Соколов-Сарыбай кен байыту кешенінде болған блюмстерге көшуді мысалға алуға болады. Не болмаса Ақтөбедегі рельс-бөрене зауытына арналған шикізат шығаратын болат балқыту зауытының құрылысы жөніндегі жоспарларды алайық. Кейбір компаниялар кейде өз маржаларын көтеріп жіберетін тауарлар мен қызмет жеткізушілердің шектен тыс үстемдігін болдырмау үшін тіпті шектес салаларды игеріп жатыр. Бұл үшін тау-кен өндіру кәсіпорындары бір-бірімен көбірек араласа бастады, тәжірибе алмасып, салаішілік кооперацияны күшейтті.

– Бұл қандай салаларға қатысты?

– Қазір Қазақстанның ірі тау-кен металлургия компаниялары өз жеткізушілері үшін электронды сауда алаңын құруды жоспарлауда. Бұл ауқымдылығы мен ашықтығының арқасында компаниялардың нарықтық қуатын едәуір күшейтеді, жекелеген мердігерлердің монополизмін және сатып алынатын тауарлар бағасын төмендетеді. Одан бөлек, біз қазір Үкіметке компанияларға өз жұмысшыларын өндірістегі жазатайым оқиғалардан өздері  сақтандыруына мүмкіндік беруі туралы өтініш жасауды жоспарлап отырмыз. Адамдар денсаулықтарына зиян тиген жағдайда өтемақыларды толығымен, дер кезінде және үздіксіз алуы тиіс. Қазір бұл міндетті орындауға сақтандыру нарығының шамасы онша келмей жатыр, бұл өндірісте зардап шеккен адамдардың әлеуметтік қамтамасыз етілуіне қатер төндіруде. Сол себепті біз жұмысшыларды өндірістік сақтандыру қорлары компаниялардың ішінде құрылуы тиіс деп есептейміз.

– Сіз құрал-жабдықтар мен қызметтерді жеткізушілер монополистік баға белгілеп, өз міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді деп санасыз ба?

– Иә, мысалы Еуразиялық экономикалық комиссияның таяудағы ЕАЭО елдері аумағында Caterpillar дилерлерінің қызметіне қатысты тексерулерін алайық. Ол Ресей мен Қазақстандағы бағалардың арасында үлкен алшақтық бар екенін көрсетті. Қазір дилерлердің баға саясаты үйлестірілуде. Соның нәтижесінде қазақстандық тау-кен өндіруші компаниялар техника, қосалқы бөлшектер мен қызметтерді сатып алу тұрғысынан еуразиялық кеңістік елдерінде осы жеткізушінің дистрибьюторларының арасынан таңдай алады. Олардың бағалары анағұрлым үйлесімді бола бастады және Caterpillar техникасы бойынша тау-кен өндіруші кәсіпорындар тарапынан қосымша төлемақылар талап етілмейді. Біз мұндай саясат ЕЭК бастамалаған үздік практиканың арқасында ЕАЭО аумағында тау-кен техникасын жеткізушілердің көпшілігіне таралады деп  сенеміз.

Сондай-ақ, біз Үкімет тарапынан Қазақстан ТМК өнімдері үшін ресейлік порттардың бірдей қолжетімді болуы мәселесінде қолдау күтеміз. Ресейдің федералдық монополияға қарсы қызметі қазір терминалдары көбінесе тау-кен өндіруші топтарға тиесілі порттардағы қолжетімділік ережелерін бірыңғайландыру бойынша жұмыс жүргізуде. Әзірше қазақстандық экспорттаушыларға жүкті ауыстырып тиеу үшін жоғары тарифтер қойылуда немесе тауарды жергілікті трейдерлерге төмендетіп сатуға мәжбүрлейтін түрлі кедергілер жасалуда, жеткізілімді созуда.

Сақтандыру компаниялары бойынша бұған дейін тәуекелдерді төлемеу үшін сот процестері және тұрақсыздық айыптары байқалатын. Сол себепті қазір компаниялар жұмыскерлері сақтандырушылардың озбырлығынан зардап шекпеуі үшін төлемақылар бойынша тәуекелдердің көп бөлігін өздеріне, өздерінің ішкі қорларына ауыстырғаны дұрыс. 

– Қазақстанда қазір дағдарысқа қарамастан ТМК-ның қандай тың жобалары дамып жатыр?

– Бағалар жоғары деңгейде болмаса да, біз жаңа жобалардың іске қосылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл Бозшакөл, Ақтоғай, Көктасжал, Қызыл, Сырымбет, Масалы, Шалқия. Қытайда сұраныстың үнемі қусырылуына қарамастан бұл жобалардан түсетін шикізат қажет. Оған қоса, секторда қытайлық инвесторлар белсенділік танытуда, айталық, Қытайдың Жібек жолы  қоры және алтын мен түсті металдарға бағдарланған басқа да инвесторлар. Саладағы таяуда жасалған мәмілелер ресейлік компаниялар да қызығып отырғанын көрсетті. Сол себепті, жалпы алғанда, біз дағдарыс Қазақстанның ТМК меншігі құрылымына 2019 жылға дейін әсер етуі мүмкін деп есептейміз. Бәлкім, қосылу, сіңіріп алу жағынан мәмілелер болып қалар. Жекелеген компаниялар бейіндік емес активтерді шығаруды, оларды анағұрлым жинақы ойыншыларға беруді жөн деп табады. Жалпы алғанда, барынша тиімді шетелдік және қазақстандық корпорациялар ұтады, олар өздерінің бизнес-модельдері мен қуаттылықтарын бірнеше жыл бұрын-ақ модернизациялай бастаған болатын. 

Жақында Комаров алтын кеніші бойынша мәміле жайында жарияланды, «Тау-Кен Самұрық» өзінің шағын алтын кен орындарын сата бастады, ресейлік БАҚ-тарда ERG-нің ресейлік компаниялармен синергиялануы туралы қауесет тарады. Сондай-ақ, батыс медиасында Васильковское алтын кен орны сатуға қойылатыны туралы айтылды. Мұның бәріне сене беруге болмайды, себебі соңғы активтер олардың акционерлеріне тұрақты табыс әкелуде және дағдарыс кезінде жете бағаланбауы ықтимал.

– Бағалар өндіріс көлеміне қалай да ықпал ете ме? Себебі біз мыс, көмір, мырыш бойынша соңғы уақытта өндірістік параметрлердің өзгеріп жатқанына куә болып отырмыз.

– Шынымен де, мырыш бойынша өндіріс көрсеткіштері бізде біршама төмендеді. Бірақ бұл нарық үшін қисынды ескерту және бағалар мен көлемдердің дұрыс пропорциясын іздестіруді білдіреді. Goldman Sachs қазірдің өзінде таяу болашақта мырыштың жетіспеушілігі болатыны туралы мәлімдеді, демек көрсеткіштердің бұлайша төмендеуі тек пайдалы болмақ. Жалпы, биылғы жылы Қазақстанның мырыш өндірісінде анағұрлым үлкен қысқарту күтілген болатын. Бірақ бағалар біршама жоғарылады, соның нәтижесінде өндірістің төмендеуі күткендегіден шамамен үш есе төмен болды. Күз мырыш өнімдерін шығарудың параметрлері білдіретін бағаларды бағамдап береді. Тұтастай алғанда, өткен жылдың индикаторларымен салыстырғанда 5-10%-дық дәлізді күту қажет. Мырыш таяу мерзімдік перспективада инновациялық тауарлардың көптеген түрлері мен салалар үшін стратегиялық шикізат болып қала береді, сол себепті бұл бағыт үшін аса алаңдаудың керегі жоқ.

Мыс бойынша, бізде әрине, өндіріс көрсеткіштері белгіленген нәтижелерден артта қалды. Бірақ, Бозшакөл мен Ақтоғайдың өсім жобалары бірінші жартыжылдықта бағалардың азғана көтерілуі мен тұрақтануы аясында біртіндеп өз қуаттылықтарын өсіріп келеді. Сондықтан біз мыс өндірісі, әсіресе «Қазақмыстың» өсе түскен көрсеткіштерін ескергенде, жылдың соңына қарай едәуір өседі деп болжап отырмыз.

Көмірге келсек, мұнда жағдаят басқаша қалыптасуда. Бірінші жартыжылдықта көмір өндіру 6%-ға төмендеді. Өкінішке орай, біз екібастұздық көмір үшін Ресейде нарықтың бәсеңсігенін көріп отырмыз.

Импортты ауыстыру және долларлық емес есептеулерге көшу Қазақстанның негізгі көмір кәсіпорындары үшін маржаны қысқартты. Сонымен бірге климаттың өзгеруі қазақстандық жылу-электр орталықтарында көмірді тұтынуды төмендетуде әсерін тигізеді. Жақында астаналардағы ЖЭО-ларды күлділігі жоғары көмірдің орнына газға ауыстыру қажеттігі жөнінде мәлімдемелер айтылды. Бірақ, мен мұндай мәлімдемелер жасар алдында осындай ауысудың экономикасы және оның өңірлердегі әлеуметтік бағасы жөнінде есептемелер жүргізу қажет деп санаймын. Алматыда, айталық, газбен жұмыс істейтін ЖЭО-1 қазірдің өзінде бар, Астанада бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Менің білуімше, астаналарды газдандыруға «Газпром» мүдделі болуы мүмкін, ол қазір осындай салымдардың пайдалылығын есептеу үстінде. Бәлкім, қандай да бір ымыралық шешімдер іздестіру және көмірдің күлділігін азайтып, байытумен айналысу қажет шығар. Біздің елімізде Сарыадыр разрезінде көмір химиясының сәтті жобасы бар, ол «Парасат» мемлекеттік қорының қолдауымен іске асырылған, және де, тереңдете қайта өңдеудің осы бағытында арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет сияқты. Дей тұрғанмен, бұл өте қымбат дүние, және де көмір химиясы мұнайдың тым жоғары бағалануы кезінде ғана тиімді.

Белгілі бір деңгейде ел аумағында екібастұздық көмірді тұтынудың төмендеуі шұбаркөлдік көмір экспортының өсімімен өтелді. Біз бұған ЕАЭО ішінде транзиттік тарифтерді төмендету есебінен қол жеткіздік. Бірақ, тамыздан бастап күтпеген жерден көмірді ішкі тасымалдауға теміржол тарифтері бұрынғы 4%-дан 7,5%-ға көтеріліп кетті. Ресейлік порттарда тосқауылдар туындады, онда қозғалыс қиындап, вагондардың жетіспеушілігі байқалады. Мұның бәрі Шұбаркөлден келетін көмір өнімдерінің экспорт әлеуетін азайтады.

Қазір әлі де салықтық жүктеменің бір бөлігін көмір экспортына салынатын ренталық салықтан пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа ауыстыру ұсынылуда. Көмірге ПҚӨС-ны қолдану кезінде Қазақстанның ішінде ол алмасқа айналып кетпеу үшін мұндай өзгеріс нәзік қимылдауды талап етеді. Трансферттік баға белгілеуді қалай есептеу жөнінде қазыналық органдармен арада келіспеушіліктер бар. Мұнда шетелге экспортталатын көмірдің нарықтық бағасын қалай есептеу жөнінде егжей-тегжейлі және нақты нұсқаулықтар қажет. Оның үстіне, мемлекеттік кіріс комитетінде металл, концентраттар, табиғи газ және мақта-талшық бойынша баға белгілеудің арнайы әдістемесін әзірлеу бойынша қадамдар жасалуда және оларды есепке алу автоматтандырылады.

Жақында Павлодарда көмір өндірушілердің Қазақстанның Премьер-министрімен кездесуі өтті. Онда көміршілер бағалар реттеу арқылы тежеліп отырғанын айтты, бұл саланың инвестициялық қабілетіне едәуір ықпал етуде. Сонымен бір уақытта БАҚ осы жазда бөлшек саудада көмір бағасының күрт өскенін мәлімдеді. Бірақ,  Табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізген тексеру қандай да бір нарықтық қиянатты таппады. Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша, Ресейге көмір экспорттау қазіргі 22-23 млн тоннадан 2017 жылы 20 млн тоннаға төмендейді. Шамасы, ол біртіндеп сібірлік электр стансаларының импортты алмастыруымен 2020 жылға дейін құлдырай беретін болар. Қазір Үкімет жанынан көмір өнеркәсібінің проблемалық мәселелері бойынша жұмысшы тобы құрылады. Дереу шешімін күткен проблемалармен және ұзақмерзімдік трендтерге бейімдеумен айналысатын боламыз.

Егер хром, темірқұрамдас шикізат, болат балқыту, алтын өндіру, алюминийге келетін болсақ, онда көрсеткіштер жаман емес. Хром бойынша кейбір кен орындарында, әрине, кеннің кедейленуі байқалады. Бірақ,  «Қазхром» мен «Восход-Ориель» жақсы деңгейде тұр. Соколов-Сарыбай кен байыту кешені өз көлемін ақырындап қайта жаңғыртып жатыр, «АрселорМиттал Теміртау» металл прокатын тиеп жөнелтуді ұлғайтуда, Қазақстан электролиз зауыты осы жылы бастапқы алюминий өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Арматура бойынша қыста «ЕвразКаспиан Сталь» тоқтап қалды, бірақ, маусым басталысымен зауыт толыққанды жұмысты қалпына келтірді. Алтын өндірушілер бірінші жартыжылдықта өңделмеген алтын өндірісін 20%-дан астам шамаға көтерді. Өткен жылы сала іші 31 тонна аффинирленген алтын өндірді. Биылғы жылы біз өңделмеген алтын бойынша кемінде 5%-дық өсім күтеміз.

Айтпақшы, біз Үкіметке төмен бағалардың теріс ықпалын болдырмау, ТМК кәсіпорындарының өндірістік және қаржы ағындарын тұрақтандыру үшін жыл сайын 50 мың тонна мырыш, мыс, алюминий сатып алу жөніндегі қор құруды ұсындық. Алайда, әзірше тек уран қорын құру туралы шешім ғана қабылданды.

Сала электр энергетикасымен тығыз байланысты. Мұндағы өзгерістер кәсіпорындардың экономикасына әсер ете ме?

– Әлбетте, себебі тау-кен металлургия кешені Қазақстанда электр энергиясының 50%-ға жуығын тұтынады. Қазір, дегенмен, ел бойынша тұтыну азайып барады, бұл қалай да темірқұрамдас шикізат өндірісінің құлдырауына және компаниялардағы энергияны үнемдеу жөніндегі шаралардың ұлғаюына байланысты. Айталық, жақында Еуро-Азиялық энергетика корпорациясы өздеріне қажетті электр энергиясын және бу мен суды жоғалтудың төмендегенін мәлімдеді. ERG-ның тағы бір бөлімшесі «Қазхром» энергоаудит жүргізді және кейінгі бесжылдық бойы энергия тиімділігін көтеру бойынша кәсіпорындарға 10 млрд теңгеге жуық қаражат салды. Барлығы, біздің қарабайыр есептеріміз бойынша, сала соңғы бес жылда энергия үнемдеу есебінен электр энергиясын тұтынуды 100 млн киловатқа дейін азайтты.

Сонымен бірге, егер жалпы энергия тасымалдаушылар секторына қарайтын болсақ, онда бізді монополистердің тарифтерді тоқтаусыз өсіруі алаңдатады. Мысалы, тау-кен металлургиясы кәсіпорындары бар бірқатар өңірлерде жылу мен электр өндірілетін газ тарифтері көтеріледі. Тарифтерді бұлайша көтеру тау-кен металлургия компаниялары өнімдерінің өзіндік құнын осы өңірлерде 1-2%-ға көтереді, бұл дағдарыс кезінде тіршілік ету үшін де қиын. Біз мемлекеттік компаниялардың борыштық жүктемесі үлкен екенін түсінеміз, бірақ бұл тұтас бір саланың бағалық стагнациясымен шешілмеуі тиіс. Айталық, ҚТЖ-ны немесе KEGOC-ты алайық, олардың тарифтері биылғы жылы және соңғы бірнеше жылда олар алған міндеттемелерге сәйкес аздап өсті, олар да, әрине, түрлі қажеттіліктерге орай өзгеруі мүмкін, бұны таяуда көмір тасымалдаудың темір жол тарифтерінің көтерілгенінен көруге болады. Бұл инфрақұрылымдық компаниялар сала шығындарының бір бөлігін өздеріне алды және сөйтіп өз борыштарына қызмет көрсету үшін зейнетақы қорынан қорландыруға ие болды. Біздің топшылауымыз бойынша, бұл ТМК түріндегі экономиканың турбинасын тоқтатпауға арналған жақсы шешім, ол мұнай, қызмет көрсету және қаржы секторлары қусырылып жатқан кезде өте қажет.

Біздің сала үшін тағы бір ауыртпалық қайта жаңғыртылатын энергия тарифтерін теңге бағамына және негізгі валюталарға байлап қою болып отыр. Біз бұны долларлану жағына жантаю деп білеміз, біздің елде электр энергиясының профициті 3 мың мегаватт, ал біз электр энергетикасы компанияларының есебінен электр энергиясының тұрақсыз көздерін субсидиялауды жалғастырып жатырмыз. Бұл металлургия компаниялары өнімдерінің анағұрлым қымбат өзіндік құнына және электрдің бөлшек саудасына келіп тіреледі. Биылғы жылы KEGOC ҚЖЭ электр энергиясын сатып алуды ұлғайтады, бұл бізді кәдімгідей алаңдатуда, себебі жақында инфляцияға емес, доллардың бағамына қарай «жасыл» тарифтерді индекстеу өтуі тиіс. Тариф құрудың мұндай механизмі ұлттық валютаның еркін бағамын ескергенде келешекте қауіпті болмақ. ҚЖЭ инвесторлары валюталық тәуекелдерден қорқатынын мен түсінемін, бірақ оны шетелдік құрал-жабдық сатып алу кезінде ескеру керек еді. Егер де саладағы жағдаят қиындайтын болса, онда электрді тұтыну төмендейді. Бұл «дәстүрлі» электр энергиясын өндірушілерге тағы да салмақ салады. ҚЖЭ-нің индекстелген тарифтері бөлшек саудада қарапайым адамдардың иығына жүк болады деп қорқамын, тау-кен металлургия компаниялары болса, әрине, қандай да бір дәрежеде энергия үнемдеудің көмегімен жағдайға бейімделе алады. Бірақ, KEGOC жанындағы есеп айырысу орталығында қаражатты депозитке салудың өзі ғана олардың айналымынан едәуір қаржыны қолданыстан шығарады, демек, қаржы ағыны олар үшін тағы да қымбаттай түседі.

Осы айтылғандарға қоса, сала қазір дизель отыны бағасын қайта реттеуге және оған салынатын акциздерді бұрынғы тоннасына 540 теңге деңгейінен 9300 теңгеге дейін көтеруге дайындалуда. Бұл саланың көлік техникасына, локомотив күшіне кететін шығындарынан көрініс табары сөзсіз. Біз сәуір айынан қазанға дейінгі маусымда ТМК көтеріңкі акциздерге қосымша 2 млрд теңге жұмсайтынын немесе литріне шамамен 7,5 теңге артық төлейтінін есептеп шығардық.  Әрине, тау-кен металлургия кәсіпорындарының дизельдік отынды сатып алу бағасы көлеміне қарай жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасынан біршама өзгеше, алайда литріне 110 теңге деңгейінен асып кетуі сала үшін қатерлі болмақ.

Жалпы, электр энергетикасы бойынша қарама-қайшылықтар бар. Бізде қуаттылықтар тоқтап тұрады, бірнеше мың мегаваттық үлкен профициттер бар, ал «Самұрық-Энерго» Балқаш ЖЭС-ы құрылысы жөніндегі талқылауларды жалғастырып жатыр. Екібастұз СЭС-2-нің үшінші блогын қайта жөндеудің тоқтап тұрғанының өзінде осылай болып отыр. СЭС-тің тұтас блоктары сұраныс болмағандықтан жұмыс істемей тұр. Тіпті бұл электр энергиясын Ресей мен Қырғызстанға әртүрлі бағалармен монополистік түрде экспорттауға тура келуде. Жақында Құсмұрын көміріндегі Торғай ЖЭС-і құрылысын тоқтату туралы шешім қабылданды. АЭС салу туралы шешімді қабылдау да келешектің үлесіне қалды. Бұл тұрғындарды және бизнесті инвестициялық тарифтермен одан әрі қинамаудың, энергетикаға деген ыждаһатты көзқарастың жақсы үлгісі деп ойлаймын.

Данияр Серіков


Еншілес ұйымдар

Серіктестер