«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының есебі

2025 жылғы 27 Ақпан
- Шымкент қаласы
510 просмотров

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Осы органның негізгі мақсаты мен міндеті – бизнестегі жүйелі проблемалық мәселелерді шешу, Шымкент қаласының аумағында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша міндеттерді шешу. Кеңестің қазіргі құрамы прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік қызмет істері департаменті, экономикалық тергеу департаменті, бизнес-қоғамдастықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам қайраткерлері және құқық қорғау сарапшыларынан құралған. Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері Кеңес хатшылығы қызметін атқарады.

2024 жылы Кеңестің 8 отырысы өтті, онда жер қатынастары саласындағы, салық бойынша сот практикасында туындайтын мәселелер, тексерулер жүргізуге мораторийдің күшін жойылғаннан кейін кәсіпкерлерге қатысты бақылау және қадағалау туралы, Қазақстан кәсіпкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясы туралы, кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдары және т. б. мәселелерге қатысты сұрақтар қаралды.

Кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға қатысты бірнеше мысалға тоқтала кетсек. Мәселен, Кеңестің қарауынжа А.Н. есімді кәсіпкердің коммерциялық нысандарды салуға арналған жер учаскесіне қатысты мәселе қаралды. Құрылысты жоспарлау кезінде кәсіпкер өзінің жер учаскесіне ішінара (айналма) автожолдың құрылысы жүретінін анықтайды. Әкімдік өкілдерімен бірлескен талқылау мен араласудың нәтижесінде мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді. Шымкент қаласының әкімдігі мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алу туралы қаулы қабылдады, кәсіпкерге Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңында көзделген өтемақы төленді. Бұл – бір жағдай емес. Тағы бір кәсіпкер С.Б.-ның жер учаскесінее жол түскен. Осы мәселесі бойынша Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкердің заңды мүддесін қорғау және сүйемелдеу бойынша жұмысты жалғастыруда.

Бұдан қоса мемлекеттік органдар тарапынан мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу барысында «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптарын бұзу жағдайлары, атап айтқанда жер учаскелерін алу рәсімін бұзу туралы мәселе қаралды. Осыған байланыст сот дауларын талдау барысы көрсеткендей:

- 2024 жылы Экономикалық сотта жалпы сомасы 782 510 697 теңге өтемақыға байланысты жер учаскесін алу мәселелері бойынша 9 азаматтық істі қаралған, ал азаматтық істерді қарау және жүргізілген сот сараптамасының нәтижелері бойынша кәсіпкерлерге 1 023 371 821 теңге мөлшерінде сома төленді;

- 2023 жылы жалпы сомасы 57 335 860 теңгені құрайтын 6 талап-арыздан азаматтық істі қарау және жүргізілген сот сараптамасының нәтижелері бойынша кәсіпкерлерге 186 317 383 теңге сомасы төленді.

Жол берілетін бұзушылықтардың салдарынан сот лауазымды тұлғаларға қатысты «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін бірнеше жеке ұйғарым қабылдады (Заңның 63-бабы жер учаскесін алу мерзімдерін созу, сондай-ақ, алу рәсімін өткізбей мемлекеттің жер учаскесін игеруі бойынша). Бұл фактілер мәселенің жүйелі екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлік нысандарын салу үшін құрылысқа рұқсат беру құжаттарын алу қажет болған жағдайда кәсіпкерлер «қызыл желі», қорғау жолағы және т.б. мәселелер туындауына байланысты мемлекеттік қызметтер ала алмай жатады.

Сондай-ақ, Кеңес және Шымкент қаласының сотымен, мамандандырылған әкімшілік сотпен тығыз ынтымақтастық әрекетті атап өткен жөн. Әкімшілік сот өкілдерінің айтуынша, салық органдары Салық кодексінің нормаларына сәйкес хабарламаларды жіберу кезінде тиісті мерзімдерді әрдайым сақтай бермейді. Бұл мерзімдер салық дауларын қарау, камералдық бақылау нәтижесінде пайда болатын хабарламаларды ресімдеу кезінде сақталуы тиіс. Талқылау нәтижелері бойынша салық органдарына татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы дауларды реттеу шараларын барынша қолдану ұсынылды. Салық органдарының басшылығы соттың ұсынымдарын қабылдады.

Тексерулер жүргізуге мораторийдің күшін жою жағдайында кәсіпкерлерге қатысты бақылау және қадағалау қызметі мәселесі де Кеңестің назарынан тыс қалған жоқ.

Мәселен, 2024 жылдың басынан 14 тексеру заңсыз деп танылды, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары ҚР ӘҚБтК-нің 175, 175-1-баптары бойынша жауапқа тартылды (дәлірек айтсақ, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны, атап айтқанда тексеру жүргізу негіздерінің болмағаны үшін). Кеңес отырыстарының нәтижелері бойынша қатысушы бақылаушы органдар алдын алу шараларын қабылдау практикасын ұлғайту туралы ұсынымдар қабылдады.

ҚР «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жұмысы бағыттарының бірі – Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізу және сараптамалық қорытындылар беру. НҚА жобаларына сараптама субъектілермен және Палата жанында жұмыс істейтін салалық (бейіндік) кеңестермен талқылау жолымен жүргізіледі. Көбінесе кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергілер әзірленіп жатқан НҚА жобаларында анықталады. Яғни, «Атамекен» ҰКП нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізуі маңызды рөл атқарады.

Әділет департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген отырыста Кеңес мүшелері НҚА жобаларын әзірлеу ережелері мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер мен кездесулерді жиі өткізуге ұсыныстар берді.

Палата жанындағы кеңестер жұмысы көрсеткіштерінің бірі кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бастамасы болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет бостандығы туралы заңнаманы бұзатын лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік іс жүргізу кәсіпкерлердің құқықтарын жедел қалпына келтіруге ғана емес, сондай-ақ, мұндай бұзушылықтардың алдын алу рөлін де атқарады.

Осылайша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмысы кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау мен қорғауға елеулі әсер етеді.

Қорытындылай келе Шымкент қаласының кәсіпкерлерінің назарына қандай да бір мемлекеттік органдар тарапынан құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңіз бұзылған, әуре-сарсаң не кедергілер туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болатынын жеткіземіз.

Біздің мекенжайымыз: Ерімбетов көшесі, 304 Г, «Заңғар» бизнес-орталығы, 2-қабат. Эл. пошта – shymkent@atameken.kz, тел.: 87252394977.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер