«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палатада Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында субсидия мәселелері талқыланды

2023 жылғы 03 Ақпан
7908 просмотров

Ұлттық палата алаңында Агроөнеркәсіп кешені комитетінің 2023 жылғы алғашқы отырысы өтті. Фермерлер мал шаруашылығы және АӨК субъектілерінің инвестициялық шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістерді талқылады.

Отырысқа еліміздің өңірлерінен 260-қа жуық фермер, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты тұлғалары және салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты. Олар жоғарыда аталған екі мәселеден бөлек, басқа проблемасын да талқыға салып, ұсынысын жеткізді.

Комитет төрағасы Жигули Дайрабаев қазіргі уақытта фермерлер саланың дамуын тежейтін көптеген ішкі және сыртқы факторларға тәуелді екенін атап, қазір талқыланып жатқан ережелер қабылданса, салаға кері әсер ететінін айтты.

«Өткен жылғы субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс тобының отырыстарында көптеген ұсыныс айтылды және  Ауыл шаруашылығы министрлігі ішінара қабылдады. Алайда, бүгінгі әзірленген қағида жобаларында көрсетілген талаптар мен кейбір нормалар қабылданатын болса, ол саланың одан әрі дамуына тосқауыл келтіреді. Сонымен қатар, әзірленген ережелер қабылданса, саланы дамытуға кедергі болатын көптеген мәселе бар», – деді комитет төрағасы.

Жигули Дайрабаев фермерлер қарсы міндетін орындау үшін Сауда және интеграция министрлігінің  ақпараттық жүйесімен жұмыс жасауы керек, алайда бұл пратформа қазір толық әзірленбегенін атап өтті. Оның сөзінше, платформаның қалай жүзеге асырылатыны әлі түсініксіз.

АШМ өкілі мал шаруашылығындағы субсидиялау, ең алдымен, саладағы  жемқорлықты жою ұсынылғанын атап, өзгерістерге тоқталды.

«Асыл тұқымды мал сатып алу кезінде субсидияны алдын ала аванспен төлеуден бас тарту; Бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау, тұқымдық тегіне сәйкес келетін импорттық асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу бағыттары тоқтатылады. Сондай-ақ, күркетауық еті мен суда жүзетін құстарға берілетін субсидиялар алынып тасталады. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатпайды. Сонымен қатар, жеке аналық малдары жоқ коперативтерге көрсетілетін қолдан ұрықтандыру қызметін субсидиялау алынып тасталады. Асыл тұқымды малды сатып алу кезінде шошқадан басқа барлық қолданыстағы субсидиялау нормалары өзгеріссіз қалады. Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығында азықтық жұмыртқа өндіруді субсидиялау жалғасады. Бір жұмыртқа 3 теңге құрайды», – деп түсіндірді министрлік өкілі.

АШМ Қаржы құралдары және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов инвест субсидия бойынша өзгерістерге тоқталды. Ол биылдан бастап қаржыландыру көлемі жергілікті бюджеттер базасына берілгенін атап өтті. Бұған дейін оның әкімшісі АШМ болған, енді жергілікті әкімдіктер.

«Сондай-ақ, АӨК объектілерін қайта жаңартуды субсидиялау көзделеді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жаңа жабдықтар мен техниканы сатып алуды да субсидиялауға болады», – деп қосты министрлік өкілі.

Фермерлер екі мәселе бойынша ұсыныстарын айтты. Құс шаруашылығының өкілі күркетауық етіне субсидияны қайтаруды сұрады. Ал Сүт өңдеушілер одағының басшысы Владимир Кожевников өнім өндіруден гөрі сату фактісі бойынша субсидия төлеу туралы ұсынысты сынға алды. Ол құрғақ сүт пен майдың бір бөлігін сүт зауыттары сату үшін емес, басқа тамақ өнімдерін шығару үшін тамақ өнеркәсібінің құрамдас бөлігі ретінде өндіретінін атап өтті.

Отырыс соңында комитет төрағасы Жигули Дайрабаев фермерлерге ұсыныстарын жазбаша түрде Ұлттық палатаға жолдауды сұрады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер