«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі артты – Абылай Мырзахметов

2021 жылғы 23 Қараша
2126 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша Палатаның атқарған жұмыстарының нәтижесін баяндап, алдағы жоспарын таныстырды.

Ұлттық палата елімізде қарапайым заттар экономикасы бойынша 8 салада жергілікті әкімдіктердің сатып алуына мониторинг жүргізеді. Бұл көрсеткіш қазір 58 пайызды құрап отыр. Бүгінде әкімдіктермен статистика арасында айырмашылық тіпті жоқ деуге болады.

«Сегіз саланы (жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия саласы, фармацевтика, целлюлоза қағаз – авт.) алып қарасақ, тек құрылыс материалдары жыл басында қойылған КРІ-дан сәл төмен. Бірақ қараша-желтоқсан – құрылыс жұмыстарының бітетін уақыты, сондықтан КРІ да орындалатынына сенімдіміз», – деді Абылай Мырзахметов жергілікті өнімдермен қамту көрсеткішіне тоқталып.

Басқарма төрағасының айтуынша, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда сегіз сала бойынша жергілікті қамту үлесі 2 пайызға артқан.

«Өткен жылы пандемияға байланысты тікелей сатып алу да болды. Соған қарамастан екі сала қосылды. Содан осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз», – деді ол.

Абылай Мырзахметов Шығыс Қазақстан мен Қостанай облысы жергілікті тауарларды сатып алу және жоспарға сәйкестігі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Ал Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы бұл бағытта төмен нәтиже көрсеткен.

Сондай-ақ, Палата басшысы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның жаңашылдықтарына тоқталды.

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңга тиісті жаңашылдықтар, яғни офтейк-келісімшарттары және электрондық дүкен енгізілді. Осы жұмыстар бойынша 4 жаңа әдіс қолданылады. Осы заңды орнатуда қазір Қаржы министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірігіп, тиісті тәртіптерді қолға алуымыз керек. Сондықтан осы жұмыстарды аталған министрліктерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп атқаруды тапсыруыңызды сұраймыз», – деді Мырзахметов Үкімет басшысына.

Абылай Мырзахметов жергілікті үлесті қадағалау үшін облыстарда тиісті комиссия құрылғанын да атап өтті. Бұл бағытта Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Қарағанды облыстары белсенді жұмыс атқарған, ал Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының белсенділігі төмен болып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң қабылданып, келесі жылдың басында күшіне енеді. Осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорымен тиісті құжаттарды дайындап жатырмыз. Онда шағым айту, қордың стратегиялық келісімдері, импортты алмастыру тауарлары бойынша электрондық дүкен – осы жұмыстың бәрін алдағы екі аптада біріктіріп, желтоқсанда қормен келісімшарт жасаймыз деген жоспар қойып отырмыз», – деп бөлісті басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, Палата басшысы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша жергілікті қамтуды арттыру саласында тиісті өзгерістер кодекске енгізілгенін және жаңа термин пайда болғанын атап өтті.

«Кәсіпкерлерді ынталандыру туралы келісім деген жаңа термин пайда болды. Осы жұмысқа қатысты алдағы уақытта өзінің тиісті тәсілдері қолданылуы керек. Офтейк-келісімшарттарды енгізу, оларды жасасу тәртібін айқындау; құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезінде отандақ тауар өндірушілердің құрылыс материалдарын сатып алу бойынша норманы енгізу ұсынылады. Осыларды Энергетика, Индустрия министрлігімен қолға алсақ. Себебі қазір ерікті түрде келісімшарт жасасу жақсы қолға алынған. Мысалы, Энергетика министрлігі саласынан, яғни көмірсутегі шикізатынан 164 келісімшарт, қатты пайдалы қазбалар бойынша 70 келісімшарт қолға алынды», – деді ол.

Абылай Мырзахмеов аталған статистикада Қазақстанда өндірілетін тауарлар қарастырылғанын атап өтті.

«Қазір бұл көрсеткіш 20-21 пайыздың үстінде болса, алдағы уақытта 30-34 пайызға жетеді. Біздің негізгі тапсырмамыз – «Самұрық-Қазына» қорының көрсеткішіне жету. Яғни, 3-5 жылдың ішінде барлық жер қойнауы саласында жұмыс істейтін компаниялар қарапайым заттар экономикасы бойынша осы көрсеткішке жетуі керек», – деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер