«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев бірыңғай ахуалдық орталық құруды ұсынды

2020 жылғы 04 Маусым
9050 просмотров

Қалыпты жұмыс істей алатын кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі

4 маусым күні Үкімет, мемлекеттік органдар өкілдері және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның онлайн отырысы өтті.

Карантиндік кезеңнен кейін ел экономикасының негізгі көзі – бизнеске қолдау көрсетілуі өте маңызды. Осы бағытта Үкімет 2020 жылдың аяғына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарды қабылдады.

Төтенше жағдай кезеңінде бизнеске салықтық жеңілдіктер, несиелер бойынша кейінге шегеру және қолжетімді несиелеу ұсынылды. Бұл көмек өндірістер тоқтап, карантиндік шаралар күшейтілген кезеңдегі шұғыл шаралар болды. Ендігі мақсат – карантиндік кезеңнен кейін бизнеске қолдау көрсетіп, ел экономикасын қалыпты деңгейге шығару.

«Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев Ұлттық палата  20 мамырдан бастап зардап шеккен салаларда сауалнама жүргізгенін атап өтті. Сауалнамаға 16 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Нәтижесінде бизнестің үштен бір бөлігі несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру және салықтар мен еңбекақы қорына төлемдерден босату – ең тиімді шаралар болды деп белгілеген.

«Екі апта бойы «Атамекен» басшылығы өңірлер бойынша зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлермен сұхбаттасты. Нәтижесінде үш бағыт бойынша ұсыныстар легін дайындадық.  Біріншісі – жұмыс істеп жатқан бизнесті және жұмыс орындарын сақтау, соның ішінде бизнес жұмысына тікелей әсер ететін санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды сақтау. Екіншісі – реттелмелі сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау. Үшіншісі – Елбасы стратегиялық курсы мен Президенттің тапсырмаларында айтылған институционалдық реформалар», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

Ел экономикасын тез арада қалпына келтіру үшін тиімді шаралар қажеттігі айқын. Осыған дейін Ұлттық палата бизнеске қолдау көрсетуде жұмыс орындарын сақтауға дайын кәсіпорындарға көмек беруге қатысты өз позициясын айтқан болатын. ҰКП бизнестен алынған өзекті ақпаратты негізге ала отырып, Үкімет жанынан Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бірыңғай ахуалдық орталық құруды ұсынды.

Мұндай орталық арқылы өңірлерден, салалардан, барлық мүдделі тараптар мен мемлекеттік бағдарламалардан ақпарат жинақталады. Орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін Палата өзінің барлық сауалнамалары нәтижелерін, ресурстарын қосып, даму институттарымен күш біріктіруге дайын.

 «Атамекен» ҰКП ұсынған шаралар қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҰКП-ның санитарлық-эпидемиологиялық мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құру бар. Өйткені әр жерде түрлі санитарлық-эпидемиялық талаптар қойылған. Әзірге алгоритмдердің барлығы дерлік әзірленбеді – фитнес-клубтар, шипажайлар, балалар лагері, мектептер бойынша мәселелер ашық күйінде қалып отыр.

Жергілікті атқарушы органдардың мониторингтік топтары рейдтік тексерулер жүргізіп жатыр. 1 маусымнан бастап Нұр-Сұлтанда бір күн ішінде санитарлық нормаларды орындамағаны үшін 70 объектіні жапты.

«Бизнес тарапынан санитарлық нормаларға қатысты көп шағым түскен. Жұмыс тобы шеңберінде барлық салалар мен өңірлерге бірыңғай әрі түсінікті санитарлық нормаларды әзірлеу қажет. Содан кейін барып оларды орындамағаны үшін бизнесті жауапқа тарту орынды», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Тұтастай алғанда, Ұлттық палата ұсынған қолдау шаралары ұзақ мерзімге есептелген. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, бизнеске карантиндік шектеуде ең кемі жыл соңына дейін жұмыс істеуге тура келеді.

 «Қолдау шаралары вакцина дайын болып, экономиканың қалыпты режиміне келгенге дейін қажет болады. Сондықтан маусым айында қандай секторлар зардап шеккенін қарауымыз керек, ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Біздің ұсынымыз жұмыспен қамтуды мониторингілеу орталығын құру. Осы ай ішінде қандай салаларға қандай қолдау көрсет қажеттігін талқылаймыз», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы нәтижесінде 1 тамызға дейін Мемлекет басшысына республиканың 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасы таныстырылады.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер