«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық өнім Ауғанстанға экспортталмақ

2019 жылғы 14 Маусым
3100 просмотров

25-26 маусым аралығында Ауғанстан астанасы Кабулда қазақстандық тауар өндірушілердің сауда-экономикалық миссиясы өтеді. Іс-шараның мақсаты – қазақстандық және ауған кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстарды дамыту, қазақстандық экспортты ұлғайту

Ауғанстанға аттанатын отандық делегация қатысушылары арасында «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС сату тобының бастығы Ербол Мергенов бар. Оның компаниясы Қазақстанда жоғары сапада және орта пішінді әртараптандырылған нығайтылған теміржол рельстерін шығарады. Былтыр Ербол өз зауытын Кабул қаласында өткен сауда-экономикалық миссия барысында алғаш рет таныстырған болатын. Аталған кездесуде кәсіпкер Ауғанстанға рельстерді жеткізу бойынша ірі келісімшартқа қол қойды.

 «Егер бұрын Ауғанстанның көлік жүйесі кенжелеген болса, бүгінде бұл мемлекеттегі жағдай жаңа теміржол тораптары салынған соң айтарлықтай жақсарған. Онда жаңа теміржолдарды ені – 1520 мм табанды рельспен салып жатыр. Біз дәл осы табанға жарайтын Р65 рельстерін өндіреміз. Былтыр Afghanistan Railway Authority компаниясымен келісімшарт жасап, қыс айларында Ауғанстанға 330,888 тонна көлемінде рельстерді жөнелттік», – деді Ербол Мергенов зауыт жетістіктері туралы.

 Биыл Ербол Мергенов өз өнімін ауған кәсіпкерлерінің ауқымды аудиториясы алдында таныстыру және ұзақ мерзімді келісімдерді жасау мақсатында Кабул қаласына іскерлік сапармен кезекті рет барады. Кәсіпкермен бірге сауда-экономикалық миссияға – тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, ағаш өңдеу, ауыр машина жасау саласында жұмыс істейтін отандық экспорттаушылар қатысады. Әр компания әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізіп, өз өнімдерін Ауғанстанға тасымалдау бойынша келісімдер жасауды жоспарлауда.

 Аталған іс-шараны «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Елшілігі, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Ауғанстанның сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырмақ.

Анықтама үшін:

Ауғанстан Ислам Республикасы Қазақстанның тауар айналымында әлемнің басқа мемлекеттері арасында 0,6% үлеспен 26-орында тұр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 520,6 млн АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт – 516,4 млн АҚШ доллары, импорт – 4,2 млн АҚШ доллары. Ауғанстан үшін Қазақстан негізгі сауда серіктестің бірі (Иран, Пәкістан және Қытайдан кейін 4-орын). Ауғанстанның импортында Қазақстан өнімінің үлесі 7,9%-ды құрайды. Ауғанстанға қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімінің басым бөлігі экспортталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер