«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көлік жөндеген келіншектер

2018 жылғы 12 Наурыз
- Астана қаласы
5003 просмотров

Жанна Жәкенованың жеке кәсіппен айналысқанына биыл 18 жыл толады. Оның таңдауы әдетте әйелдер айналысатын кәсіптен өзгеше. Іскер ханым 2000 жылы «Автооптика» техникалық байқау станциясын ашқан.

«Сол уақытта көлікке қажетті заттарды табу қиын еді. Бізге «Ford Sierra» маркасының фарасы қажет еді. Әйнекті өзіміз қойдық. Одан кейін достарымызға, таныстарымызға көмектестік. Сұраныс ұсынысты арттырып, жеке кәсіпке көштік», - деп еске алды жанна Жәкенова.

Қазіргі таңда станцияда 15 адам жұмыс істейді. Мемлекеттік, жеке меншік автопарктерге және жеке тұлғаларға да қызмет көрсетіледі.

«Кез келген кәсіпкер секілді бастапқыда қиындықтарға тап болдым. Қыз-келіншектің істейтін жұмысы емес деп айтқандар қаншама?! Алайда клиенттер сенім артып отырғанда салымыз суға кетпейді, біздің шеберлеріміз – әйелдер. Ынта мен талаптың нәтижесі жоғары. Қазір бәрі артта қалды. Бүгінде көлік жөндейтін жалғыз келіншек мен ғана емес. Болаттай келіншектің қатарында 15 жылдан бері шытынаған әйнекті жөндеумен айналысып келе жатқан Әлия бар. Өз ісінің шебері», ­- деді кәсіп иесі.

Жанна таяу уақытта Астана қаласы кәсіпкерлер палатасынан арнайы бизнес курстан өтіп, кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің білімін жетілдіруге атсалысып келеді. Жалға алып отырған цехке қатысты мәселе туындағанда заңгер қажет болды, сонда Кәсіпкерлер палатасы көмектескен еді. Осы жылы курстан өтіп, ісімді ұлғайтқым келеді», - деді Жанна.

Көлік жөндеумен айналысып отырған Жанна – отбасының ұйытқысы, жар әрі екі баланың анасы.  Мерекемен құттықтай отырып, жетістікке ұмтылудың маңыздылығына тоқталды.

Ерлерге тән кәсіппен айналысуды Айнагүл Бижанова да қолға алған. Астанада 10 жылдан бері «Арғымақ» көлік компаниясын басқарып келеді. Бір кездері компания бір ғана минивенмен ашылған. Бүгінде автотехниканың саны 50-ге жетті. Эконом класстағы жеңіл көліктен бастап «люкс» санатына дейін бар, сондай-ақ микроавтобустардың түрлерін де таба аласыз.

«Компаниядағы ұжым ерлерден құралған. Бұл кәсіпті басқару оңай емес. Ең алдымен жұмыстың техникалық құрамын зерттеп, қай жері бұзылғанын білу үшін анықтап, оқып алдым. Осылайша көлік жүргізу курсын аяқтадым. Бұл маған ұнайтын дегенмен қиын жұмысқа қажет», - дейді Айнагүл.

Айнагүл Бижанова қыз өсіріп отыр, саяхаттағанды ұнағанды. Қиындыққа тап болғанда достары көмекке келеді. Сондықтан достық қатынасты жоғары бағалайтынын жасырмады.

Ол осы жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді. Астана қаласы кәсіпкерлер палатасынан «Іскерлік байланыс» құрауышымен бизнес курстан әрі Германиядан тағылымдамадан өтуді қалайды.

«Қай кәсіппен айналыспасақ та ең алдымен – әйел, ана, жар, әпке, қарындаспыз. Ғажап мереке қарсаңында барша әйелдің көңілі жайлы болып, бақытқа кенеліп, берекесі артуына тілектеспін», ­- деп лебіз білдірді Айнагүл Бижанова.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер